News & Events
«Құрманбек Жандарбековтың өнегелі өмір жолы»
- 24.01.2020
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Қазақ халқының жалпы ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, таным-нанымдары, ғибрат сөздері түйіндеп алғанда халықтың ұлттық коды болып табылады. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен 2020 жылдың қаңтар айының 24-ші жұлдызында кітапхананың жеке қызмет көрсету бөлімінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ өнерінің өшпес жұлдызы Құрманбек Жандарбековтың 115 жылдығына орай «Құрманбек Жандарбековтың өнегелі өмір жолы» атты әуенді дәріс өтті.
Ұлт мақтанышын кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында жасалған іс-шара Құрманбек Жандарбековтың қиын да саналы жолын саралауға арналды. Халқымыз ел ардақтыларының тағылымды өмір жолын кейінгі ұрпағына айрықша ұлағаттап жеткізіп, асылын бағалай, жақсысын жарқырата білген. Бар ғұмыры өнегеге толы, алып тұлғаларымыздың асыл бейнелері бүгінгі күнге дейін жетіп, тұлғаларының дараланып тұруы – асылдың бағасын білген елдің арқасында. Саналы ғұмырын жақсылық пен ізгілікке арнаған ел жақсылары көп болса, солардың бірі – табиғи дарындылығы мен өлшеусіз еңбегінің арқасында аты аңызға айналған саф алтындай өнер иесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтың өмірі мен өнері келер ұрпаққа үлгі-өнеге.
Әуенді дәріс Құрманбек Жандарбековтің шығармашылығына арналды.
Іс-шарада Құрманбек Жандарбековтың шығармашылығы жөнінде деректі фильм көрсетілді. Бұл «Тағдыр жолы» фильмі қазақ көрерменіне, келер ұрпаққа өнерпаз бабалардың аманатын жеткізуді мұрат тұтады.
Құрманбек Жандарбековті кейінгі буын опера әншілерінің көпшілігі пір тұтады. Солардың бірі, 1985 жылдан бері «Қыз Жібекте» Төлегенді ойнап келген халық әртісі Кенжағали Мыржықбаев Құрманбек Жандарбековтің әншілігімен бірге импровизациялық шеберлігі де көп әншіге үлгі болғанын еске алады.
Құрманбек Жандарбековтың төл туындылары «Туған елім», «Арнадым» әндері өнер иесінің жүрекжарды сыры десе де болғандай. Ал халықтың «Бозжорға», «Япурай» әндері үлкен сезіммен орындалып, тыңдарманның көңілінен орын тапқандай әсер етті. Бозбала кезінде дауыс шымылдығын үзіп алғаннан ба, Құрманбек әннің шарықтау шегінде қысылып айтатын. Әншіліктен гөрі ұйымдастырушылық, режиссерлық қабілетімен дала әншілері мен актерлерімен классикалық үлгідегі өнер ұжымын құрып, кейінгіге сара жол көрсеткен Құрманбек Жандарбеков елуінші жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда опера класына жетекшілік етіп, шәкірт тәрбиеледі. Профессор деген ғылыми атаққа ие болды.
Құрманбек Жандарбеков 1973 жылы дүниеден өтті. «Біржан-Сара» операсын қойғаны үшін ССРО мемлекеттік сыйлығын алған. Ленин орденімен марапатталған. Алматы қаласында бір көшеге аты беріліп, өмірінің соңғы жылдарында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған. Іздеушісі бар, жоқтаушысы халық, Құрманбек Жандарбековтің шығармашылығына арналған іс-шараны оқырмандар жылы қабылдады. Әуенді дәріс ерекше жылы ықыласпен өтті.
Шараға 17 оқырман қатысты.
Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері