News & Events
Қазақ халқының жалпы ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, таным-нанымдары, ғибрат сөздері түйіндеп алғанда халықтың ұлттық коды болып табылады. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен 2019 жылдың 19 желтоқсан күні кітапхананың жеке қызмет көрсету бөлімінде «Болашақққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында опера сахнасының аңызына айналған тұлғасы, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойына орай «Қазақтың бұлбұлы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеш барысында көрермендерге Бір ғасырдың өмірін сүріп келе жатқан, Аңыз адам, тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем мойындатқан қазақтың «бұлбұлы» Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың шығармашылығынан арнайы деректі фильм көрсетілді.
«Ұстаз болу–өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген екен Мағжан Жұмабаев. Адамның өнерде тұлға болып қалыптасуына ұстаздың алар орны ерекше. Аталмыш кеште салтанатпен басталды. Қызықты кеште Қазақтың бағына туған бұлбұл әнші Бибігүл Ахметқызының ізін басып, өнерін жалғастырушы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан шәкірттері қонаққа келіп, өнер көрсетті.
Кеш барысында қазақтың халық әні «Гаухартас» пен Л. Хамидидің «Бұлбұл» әндерін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті, «Ермек Серкебаев атындағы Қазақ өнері мен мәдениетін қолдау» қорының өкілі және стипендиаты, Бибігүл Төлегенова атындағы Х–шы халықаралық байқауының жеңімпазы Мадина Оразбай, халық әні «Сұршақыз», А. Гурилов «И скучно и грустно» әндерін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті, Республикалық және Халықаралық конкурстардың жеңімпазы Еркинбаев Жандарбек, Н. Тілендиевтің «Ақ шағала», Д. Кабалевский «Весна» әндерін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті, Республикалық олимпиадалар мен конкурстардың лауреаты Уали Меруерт, Н. Тілендиев «Жан сәулем», С. Рахманинов «Как мне больно» әндерін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті, Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Аманбай Нұрғалым, Н. Тілендиев «Қарлығаш туралы ән», М. Төлебаев «Бақыт вальсі» әндерін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті, Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Абрейим Азиза орындап, оқырмандарды риза етті. Концертмейстері: Росельбаева Дана Ибатоллақызы.
Бибігүл Ахметқызының мерекелік кешінде қорытынды сөз алған кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы келген қонақтарға алғыс білдіре отырып: Бибігүл Ахметқызының 90 жылдығы құтты болсын! Бибігүл апамызға күш-қуат беріп, бар өнерлі жандарға Бибігүл Ахметқызының өнер жолын берсін, 100-жылдық тойды амандықта, саулықта қарсы алайық. Бізді
сусындатар мәңгі сарқылмас әндерінің алдында құрметпен бас иеміз. Бүгінгі сырлы кешіміздің сәнін келтіріп, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, әндерімен сусындатқан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымына, әншілеріне үлкен алғысымызды білдіреміз!. Өнерлеріңізге табыс тілеп, халқымыздың өнерін асқақтата береді деп сенеміз деп сөзін аяқтады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымына кітапхана атынан Алғыс хат табыс етті.
Сонау 1950-жылдардан бері халқымызды әсем әнімен, сұлу сәнімен қуанышқа бөлеп келе жатқан, Бибігүл Төлегенова осы уақыт аралығында табиғи талантын тап-таза күйінде ұстап, кісілігіне кіршіксіз кір жұқтырмай аман-есен келе жатқаны мына көрермендер үшін үлкен қуаныш. Бибігүл Ахметқызының туған күнін кітапханамызда атап мерекелік кеш ұйымдастырып, осындай ұлы тойға қосқан кішігірім үлесімізді, өзіміз үшін үлкен мәртебе деп санаймыз.
Кеш соңында қонақтар ескерткіш суретке түсті. Мерекелік іс-шара ерекше жылы ықыласпен өтті. Кеш қонақтары әдеби-сазды кештің тартымды өткеніне дән риза болып тарасты.
Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.
Шараға 47 оқырман қатысты.
Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкер