News & Events
МҮГЕДЕКТЕРДІ ІТ САЛАСЫНДА ОҚЫТУ: БЕРЕРІ МОЛ СЕМИНАР
- 10.12.2019
- Posted by: RBNSG
- Category: Біз жайлы БАҚ-да
«Қазақстандағы мүгедектерге ақпараттық-кеңес беру қызметі» жобасы өз нәтижесін бере бастады. Оған Қазақстан еріктілері Альянсы қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана бірлесіп өткізген семинар дәлел.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға ақпараттық қолдау көрсету, стресстік жағдайға көмектесу, әлеуметтену, өмір сүру сапасын жақсарту, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жаңа технологиялардың көмегімен қосымша табыс алу мүмкіндігін көрсетуді мақсат еткен шараны ҚР Білім және ғылым министрінің штаттан тыс кеңесшісі Захира Бегалиева жүргізіп, кітапхана меңгерушісі Асхат Байұзақов, жоба жетекшісі Асыл Оқапова және «Мейірімді Ел» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Назира Құрмашева мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қолдау мен көмек туралы баяндама оқыды.
Оқу семинары «IT-де тең мүмкіндіктер әлемі» тақырыбында өтіп, қатысушылар әлеуметтік мәселелерді жаңа технологиялар арқылы қалай шешуге болатынын көрсететін жолдармен танысты. Сонымен бірге, IT саласында жаңа мамандықтар алу мүмкіндігі туралы мәселелерді қарастырды. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс табуға, қаржылық тәуелсіз болуға, әлеуметтенуге және өмірде өз жолдарын табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, foodindustry.kz жобасының негізін қалаушы Төлеген Жанбота мүгедектігі бар адамдар өз жолын қалай табуға болатындығы туралы әңгімелеп, қатысушыларды идеяларын жүзеге асыруға шақырды.
Соңында қатысушылар жобаны одан әрі жетілдіру және мәселелерді шешу бойынша өз идеялары мен ұсынысын айтты.
Қажет АНДАС
Алматы облысы
http://7-su.kz/news/cat-11/6089/