News & Events
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақпараттық-мотивациялық семинар өтті
- 10.12.2019
- Posted by: RBNSG
- Category: Біз жайлы БАҚ-да
«Қазақстандағы мүгедектерге ақпараттық-кеңес беру қызметі» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған семинар өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Семинарды «Азаматтық бастамаларды қолдау Орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың» қолдауымен Қазақстан еріктілерінің Альянсы өткізді.
Шараның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ақпараттық қолдау көрсету, күйзеліске түскен жағдайда көмектесу, әлеуметтену, өмір сүру сапасын жақсарту, қашықтықтан жұмыс істеп, жаңа технологиялардың көмегімен қосымша табыс табу мүмкіндігін көрсету.
Жиында алғашқы болып сөз алған кітапхана меңгерушісі Асхат Байұзақов, жоба жетекшісі Асыл Оқапова және «Мейірімді Ел» Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Нәзира Құрмашева тақырыпқа сай ой-пікірлерін білдірді.
Айта кетсек, семинарды «Алматы қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің сарапшы үйлестірушісі, ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін инклюзивті білім беру мәселелері бойынша ҚР Білім және ғылым министрінің штаттан тыс кеңесшісі Захира Бегалиева жүргізді.
Оқу семинары «IT-де тең мүмкіндіктер әлемі» тақырыбында өрбіді. Семинар барысында қатысушылар әлеуметтік мәселелерді жаңа технологиялар арқылы қалай шешуге болатындығы туралы хабардар болды. Қатысушылар сонымен бірге IT саласында жаңа мамандықтар алу мүмкіндігі туралы мәселелерді қарастырды. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс табуға, қаржылық тәуелсіз болуға, әлеуметтенуге және өмірде өз жолдарын табуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ foodindustry.kz жобасының негізін қалаушы Жанбота Төлеген мүгедектігі бар адамдар өз жолын қалай табуға болатындығы туралы әңгімелеп, қатысушыларға өз идеяларын жүзеге асырып, арманға жетуге шақырды. Тренингке қатысушылар жобаны одан әрі жетілдіру және мәселелерді шешу жөнінде өз идеялары мен ұсыныстарын айтты.