News & Events
Әніммен жаным егіз
- 23.11.2019
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар Оқырмандар шығармашылығы
Ағымдағы жылдың қараша айының 22-ші жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада зағип әнші Геннадий Деминнің 65 жас мерейтойына орай «Әніммен жаным егіз» атты шығармашылық кеші өтті.
Геннадий 1954 жылдың 16 қарашасында Алматы қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Николай Островский атындағы зағип балаларға арналған №2-ші мектеп-интернатты тәмамдаған. Мектепті бітіргеннен кейін Қазақ Соқырлар қоғамына қарасты № 2-ші оқу-өндірістік кәсіпорынның картон цехына жұмысшы болып орналасады.
Геннадий мектепте оқып жүрген кезінде де көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысқан болатын. Қазіргі таңда көркем сөз өнеріне қызығушылық танытуда. Ол өлең оқығанды, әралуан тақырыптағы интермедиялар мен спектакльдерге қатысып, рольдерді сомдауды жанынан жақын тұтқан.
Геннадий кітапхана жанынан құрылған «Незабудка» әдеби-музыкалық бірлестіктің және орыс хоры «Соловьи Алатау» , «Қаламқас» вокалды топтарының мүшесі. Геннадий Демин өзінің мерейтойлық, шығармашылық кештерінде көптеген ретро-әндерді шырқаумен танымал болды.
Кеш барысында Геннадий Демин мен Любовь Тарасованың дуэті «Здравствуйте!», «Приходите в мой дом», «Осенние листья», «Калина красная» әндерін шырқаса, басқа да орындаушылармен өзінің дуэтін ұсынды. Олар: Батана Колесниковамен «Город детства», Володя Умеровпен «Поговорим, мой друг», Фёдор Зражевскиймен «Чарка» әндерін орындады. Осы кешке мәдениет үйінің жанынан құрылған «Атамұра» домбырашылар ансамблі «Бақтыбай» күйін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. «Армандастар»вокалды-аспапты тобының әншісі Светлана Тоқабаева кеш иесін «В ресторане» әнімен құттықтаса, осы кештің жүргізушісі Галина Хмырова анасына арнаған өлеңін оқып берді.
Кеш соңында кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы және Қазақ Соқырлар Қоағамының Алматы қаласындағы филиалының төрайымы Кунурбаева Кәбира Сагидолдаевна Геннадий Деминді мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Мерейтой иесінің сұрауы бойынша «Армандастар» вокалды-аспапты тобының жетекшісі Бәтима Полищук «Әппағым» әнін орындап беріп, көтеріңкі көңіл-күймен кеш шымылдығын жапты.
Тлеукенова С.,
жеке қызмет көрсету бөлімі