News & Events
В моих стихах – моя душа
- 12.11.2019
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
Ағымдағы жылдың 12-ші қарашасында «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Республикалық кітапхананың» жеке қызмет көрсету бөлімінде «В моих стихах – моя душа» атты осыдан жарты жыл бұрын дүниеден озған зағип ақын Лидия Пенинаны еске алу кеші өтті. Пенина Лидия Федоровна 1952 жылы 6 ақпанда Алматы облысы, Бақанас қаласында дүниеге келген. Кейін отбасымен Арал теңізінің жағасында орналасқан Қарақалпақстанның Ургу қаласына қоныс аударған. Ақын балалық шағында белгілі сырқаттан жанарынан айырылған. 1962 жылы отбасы Алматыға қайта көшіп келді, Лидия көзі көрмейтін балаларға арналған мектеп-интернатында оқып, кейін оқуын кешкі мектепте жалғастырды. Мектеп бітірген соң Лидия Пенина Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің (бұдан былай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) «Филология» факультетіне оқуға түсіп, отбасылық жағдайларға байланысты оқуын тәмамдай алмады. Ол ең алғашқы шығармаларын мектеп қабырғасында жүргенде бастап жазған. Ақын өлеңдері әртүрлі мерзімді басылымдарда, атап айтқанда «Простор», «Еңбек таңы-Заря труда», «Вечерний Алматы» газеттерінде жарияланған. Сонымен қатар, радио бағдарламаларда да өлеңдері жиі оқылатын. Лидия Пенинаның жыр жинақтары «От сердца к сердцу» (2006 ж.), «В моих стихах моя душа…» (2007 ж.) және т.б. жеке-жеке рельефтік-нүктелік және жазық-басылған нұсқаларда басып шығарылды. Кітапханада ұйымдастырылған ақын шығармашылығын еске алу кешінің қадірлі қонақтары ретінде марқұмның ұлы және қызы Лиля отбасымен бірге қатысты.
Лидия Пенинаның поэзиялық шығармалары адамдарға оларды қоршаған әлемнің сұлулығын көрсетуге, оқырмандарының жүрегіне жылулық сыйлауға арналған. Ақын шығармашылығында жан жылулығы, лирика, отанға және жан-жануарларға деген махаббат көрініс тапқан.
Еске алу кешін өткізуге әдеби-музыкалық «Незабудка» ұйымы, «Соловьи Алатау» хоры, «Қаламқас» вокалды тобы және «Армандастар» вокалды-аспапты тобы қатысты. Кеште ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, өлеңдері оқылды.
Кешке жиналған ақынның туыстары, достары оның қандай жарқын жүзді, ашық, өмірге құштар адам болғандығын еске алды. Ақынның өзі арамызда болмаса да оның жүрекжарды жырлары келер ұрпаққа мәңгілік мұра.
Кеш соңында сөз алған Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Республикалық кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы кітапхана қабырғасында мұндай іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылатындығын, арнайы кітапхана оқырмандары үшін әрдайым осындай шығармашылық, әдеби-сазды кештердің маңызы зор екендігін тілге тиек етті.
Шаһризада Отарбай
жеке қызмет көрсету бөлімі