News & Events
Біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы түрде таңдауының жемісі. Халқымыздың осы таңдауын қадірлей білейік. Ата Заңмен өмір сүру – білімі мен тәжірибесін өмір бойы үйренетін демократияның жоғары мектебі».
Н.Ә. Назарбаев
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада тамыз айының 27-жұлдызында 30-тамыз Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай «Ата Заң – елдігіміздің еңсесі» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.
1991 жылы Қазақ ССР-нің егемендік алып, Қазақстан Республикасы аталуы қазақ халқының тарихындағы маңызы зор елеулі оқиға болды.
1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданып, өзінің саяси экономикалық және әлеуметтік құрылымын дамыта бастаған жаңа мемлекет қалыптасты. Қазақстан Республикасының Конституциялық дамуының екінші кезеңі, яғни 1995 жылы тамыз айының 30 күні Тәуелсіз ел – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Ата Заңымызды екінші мәрте қабылдаудағы мақсат – президенттік басқару нышанын жетілдіру, сот билігі мен мемлекеттік меншік жүйесін өзгерту болатын. Конституция дегеніміз – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң.
Іс-шараның мақсаты — оқырмандардың Ата Заң турасында білімдерін кеңейту, оларды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, өз елінің тарихын білуге тәрбиелеу.
Конституция – мемлекеттің, оның ішінде қоғамның тынысын, елдің қатынасын реттейді. Мемлекет, қоғам әрдайым заңсыз болған емес. Сондықтан адам үшін маңызды заңның бірі Ата Заңымыз – Конституция. Көптеген елдер өз оқу орындарында Конституцияны басты пәнінің бірі етіп оқытады. Заң сыйламайтын маман ертең еліне қызмет ете алмайды. Еш пайда келтірмейді. Конституция бүгінгі күн мен болашаққа арналып жазылады, қабылданады. Конституциясыз мемлекет мемлекет тіршілік ете алмайды. Ата Заңсыз мемлекет болмайды. Ол біздің тірек заңымыз. Ал осы заңның болашағы, тағдыры қабылданып, тармақталып кете береді. Мемлекеттің болашағы, тағдыры қабылданған Конституция қағидаларына байланысты. Осы себептен Ата Заңды – Конституцияны әрбір Қазақстан азаматы құрметтеу қажет.
Іс-шараны қазақ және орыс тілдерінде кітапхана қызметкерлері Жансая Қосмырза мен Бақытгүл Поволоцкая жүргізді.
Мерекелік кештің шымылдығын «Соловьи Алатау» орыс хорының мүшелері Илья Паздеров баян аспабының сүйемелдеуімен Эльфрад Галибабаев атақты орыс сазгері Марк Бернестің «С чего начинается Родина» атты әнін орындаумен ашты. Сондай-ақ осы айтулы мерекеге арнап «Незабудка» әдеби-музыкалық бірлестіктің жетекшісі Владимир Ивановский өзінің «Конституция Казахстана» атты шығарған өлеңін оқып берді. Кітапхананың тұрақты оқырманы Индира Мезикова Болата Окуджаваның «Виноградную косточку в теплую землю зарою» әнін шырқаса, «Армандастар» вокалды тобының әншісі СветланаТокабаеваның «Туған өлке», «Қазақ елі осындай» әндерін нақышына келтіріп орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әуесқой сазгер Альнора Мурдинова өзінің «Белые птицы» әнін сыйға тартты. Осы мерекелік іс-шараға арнайы шақырылған Алатау ауданының «Тәуелсіздік шаттығы» ардагерлер ансамблінің әншісі Айша Садырбаева «Менің қазағым»,«Елге сәлем» әнімен кешті қыздыра түсті.
Қорытынды сөз алған кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы шара қонақтарын және қатысушыларды мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтап, отбасыларына береке-бірлік, еңбектеріне табыс, еліміздің дамуы жолында қажымай, талмай еңбек етулеріне тілектестік білдірді.
Жеке қызмет көрсету бөлімі