News & Events
«Спорт» күніне орай спорт шеберлерімен кездесу кеші
- 16.08.2019
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Спорт – салауаттылық кепілі, денсаулық тірегі. Әдетте кез келген адам спортпен шұғылдана білуі мүмкін, бірақ шын спортшы болуы екіталай. Өйткені ол – спорт өнерінде қайтпас қайсар мінез бен күш-жігерді үйлестіре білген кісі ғана ұтатын өмір шындығы. Ағымдағы жылдың 16 тамызында Кітапханада өнер және спрорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен «Спорт» күніне орай Қазақстан Республикасының атақты спорт шеберлерімен кездесу кеші өтті. Кешке еркін күрестен Олимпиада чемпионы, КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері (1980), Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров және Лондон Олимпиадасында қыздар құрамасының бас бапкері болған, төреші Еркін Телақынов, Елбасының «Сыныптастар ұйымы» жетекшісі Бақытжан Сертеков, кітапхана оқырмандары, қызметкерлері қатысты. Келген қонақтарға Жақсылық Үшкемпіров жайлы деректі фильм көрсетілді.
Аталмыш кеште кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы кездесуге келген Елағаларын «Қазақстанның мақтанышына айналған спортшыларымызға әрдайым да сәттілік тілейміз» -деп спорт мерекесі күнімен құттықтап, «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында кітапханада дыбыстандырылған Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» кітабын сыйға тартты.
Спорт шеберлері өз өмір жолдары туралы айта келіп, осындай биік дәрежеге қалай жеткені туралы ой бөлісті. Чемпионның қиын да қызықты өмір жолдарын естіген жастардың спортқа деген қызығушылықтары арта түсіп, ағаларына сұрақтарын жаудырды.
Кеш соңында оқырмандар чемпион ағаларына алғыстарын айтып, даңқты спортшыларды ортаға алып, суретке түсті. Кездесудің жастар үшін тәрбиелік мәні өте зор. Шараға қатысқан жастардың бойын мақтаныш кернеп, келешекте осынау ағаларының жеңісті жолдарын жалғастырамын деген сенім пайда болды десек артық емес.
Сондай-ақ, Елбасының «Сыныптастар ұйымы» жетекшісі Сертеков Бақытжан сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салып, жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара барысында Алатау дәстүрлі өнер театрының мүгедектердің мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Әділханов Ғазизхан «Ауылға барам» әнін, «Ата мұра» халық аспаптар ансамблінің жетекшісі Қожахметов Мирас, кітапхана оқырманы Байғұл Қасымхан күмбірлете күй шертсе, әнші, жеңіл атлетикадан спорт шебері, Халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Тайжанова Айнұр әннен шашу шашып, көпшілікті риза етті.
Кеш қонақтары Спорт шеберлерімен болған кездесу кешінің тартымды өткеніне дән риза болып тарасты.
Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.
Назым Момбекова