News & Events
«Нұр-Сұлтан – ұлтымыздың рухани ордасы»
- 04.07.2019
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Ел мен жер тағдыры елеңдетпейтін кезі жоқ. Ертеңге қалдырар, ұрпаққа табыстар мирас-мұрамыз да, байлық базарымыз да — сол елмен жердің тағдыр талайы. Арғы бергі аталарымыздың ту көтеріп, туырлық тігер құттыхана шаңырағының уығын шаншар майлы да жайлы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалардай жұмақ мекен таңдауы тегіннен тегін болмаған. Енді міне, екі ғасыр тоғысқанда жаңа мыңжылдықтың табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, жоғалған елдік оралып, құлаған орда қайта бой көтергеніне де себепкер болып отыр. Қалай десекте Елордамыз Нұр-Сұлтан қазақтың бас қаласы болып, өскелең ұрпақтың жарқыраған жұлдыздай келешегіне өз үлесін қосары сөзсіз.
Айтулы күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада, жеке қызмет көрсету бөлімі жанынан құрылған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубы мен «Незабудка» әдеби-сазды бірлестігінің аясында 6-шілде Елордамыз Нұр-Сұлтан күніне арналған «Нұр-Сұлтан – ұлтымызды рухани ордасы» атты әдеби-сазды кеші ұйымдастырылды.
Әдеби-сазды кештің мақсаты: Қазақстан Республикасының Елордасы тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолындағы күре тамырында аз ғана жылдың ішінде жазық далада Қазақстанның қайталанбас келбеті, заманауи қаланың бой көтерген Тәуелсіз де Егемен Қазақстанның кіндік қаласы Нұр-Сұлтанды мадақтау.
1862 ж. Ақмола қала мәртебесін алды. 1962 ж. қалаға Целиноград атауы берілді. 1997 ж. Егемен Қазақстанның Президенті Н. Назарбаев Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. 1998 ж. 6 мамыр жаңа елорданың атау Астана болып өзгертілді. 1998 ж. ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. 2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның президенті Қасымжомарт Тоқаев қаланың атын экс-президент Н. Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуге бұйрық берді.
Іс-шара ҚР Мемлекеттік әнұранының орындалуымен басталды. Мерекелік шараны кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлының құттықтау сөзімен ашылды.
Әдеби-сазды кеш кітапхананың жеке қызмет көрсету бөлімінің жанынан құрылған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының жетекшісі, Қазақ Мемлекеттік Филармониясының дәстүрлі әншісі Бауыржан Құмарбеков және «Незабудка» әдеби-музыкалық бірлестік жетекшісі, зағип ақын Владимир Ивановский жүргізді.
Кеш барысында жүргізушілер қазақ, орыс тілдерінде Елордамыз «Нұр-Сұлтан» қаласының тарихына кеңінен тоқталып өтіп, Елоарда күніне арналған «Еуразия жүрегінде» атты тақырыптағы кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кештің музыкалық бөлімін «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшесі, ақын, күйші Талап Қараш осы айтулы датаға арнайы шығарған
«Нұр-Сұлтан», «Мереке» күйлерімен ашты. Қазақ Зағиптар Қоғамының Мәдениет Үйінің жанынан құрылған «Армандастар» вокалды-аспапты тобының әншісі Айжан Жолдыбекова қырғыз сазгері Сардарбек Жұмалиевтың «Бегімайдың жыры» әнін, Светлана Тоқабаева «Тойға тілек», «Астана» әндерін шырқап берді. Кітапхана ардагері, зағип ақын Мариям Иминова осы атаулы күнмен көрермендерді құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ іс-шара барысында «Незабудка» әдеби – музыкалық бірлестіктің мүшелері, әрі кітапхананың белсенді оқырманы Лидия Попова ақын Владимир Рубцовтың «Моя столица» әсерлі өлеңін оқып кештің шырайын кіргізді. Мәдениет Үйінің жанынан құрылған «Қаламқас» вокалды тобының мүшелері Эльфрад Галибабаев пен Илья Паздеров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйіп тыңдайтын «Весна на Заречной улице» әнін ерекше шеберлікпен орындап берсе, Зағиптар Қоғамының Құрметті азаматы, кітапхананың белсенді оқырманы Сүлеймен Байғараев халық әні «Сары бидай» мен Қорабай Есеновтың «Жас қалам» әндерін орындап кеш тыңдармандарының көңілінен шықты.
Әдеби-сазды кештің жүргізушілері Бауыржан Құмарбеков әні Жарылқасын Дәулеттің. сөзі Қалқаман Сариннің «Қазақтай ел қайда» және Кәкімбек Салықовтың «Сарыарқа» әндерін орындаса, зағип ақын Владаимр Ивановский бүгінгі мерекелік іс-шараға арнайы жазған «Город-сказка» өлеңін оқып, көпшілік қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Елордамыздың болашағы көбінесе 21 ғасырдағы халықаралық, экономикалық, геосаяси және басқа қатынастардың дамуына байланысты болары анық. Нұр-Сұлтан қаласын салдырып, көркейтіп жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір ғана қазақ халқының емес, бірде Ұлы Дала, бірде Тың немесе Қазақ ССР-і деп әр кезде әрқалай аталған, ал бүгін Қазақстан Республикасы аталатын байтақ өңірді бір кезде мекен еткен және бүгінгі таңда мекендеп жатқан халықтардың «еуразиялық арманын» асқақтатуға бекем бел байлап отыр. Бұл шын мәніндегі түрлі халықтарды бауырына басып, татуластырып қана қоймай, оларды жаңа қауымдастық, жаңа өркениет құру жолында топтастыра білген өлке.
Елорданың өркендеуі еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік болуы да мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ. Келер ұрпақтың да, жастардың да болашағы бір өзіңде! Ал сенің гүлденуің солардың қолында. Келешегің жарқын болсын, халқымның Ақ Ордасы, көркейіп, биіктерден көріне бергейсің!
Тлеукенова С.
жеке қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі