News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен Елбасымыздың арнайы жарлығымен өз мәртебесін алып Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихынан лайықты орын алған, қазақ өнерінің асыл діңгегі қасиетті қара домбыраның төл мерекесі ұлттық домбыра күніне орай «Күмбірлесін қазақтың домбырасы» атты әдеби сазды кеші өтті.
Осы орайда, домбыраның ерекшеліктері мен шығу тарихы туралы бейнебаян көрсетілді. Тарихи күннің салтанатты сәтінде алғашқы орындалған «Нұрсұлтан» күйін, күйдің авторышығармашылығы жан-жақты шыңдалған өнерпаз белгілі күйші Талап Қараш орындап, мереке шымылдығын ашты.
Ұлттық домбыра күні мерекесіне, домбыраны жанына серік еткен домбырашы өнерпаз Талап Қараш, … «Айжан қыз», «Ерке сылқым», «Сарыарқа», «Қайран шешем» күйлерімен көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Кітапхана қызметкері Момбекова Назым ақын Қалипа Бұғыбаеваның «Далаға балам бардыңба» өлеңін орындап көпшіліктің қошеметіне бөленді. Шара барысында кітапхана директоры Байұзақов Асқат Құсайынұлы шараға келген барша қонақтарды «Ұлттық домбыра» күнімен құттықтап, ұлттық өнерді жалғастырып, қасиетті домбыраны серік еткен өнерпаздарға ыстық лебізін білдірді. Ұлттық домбыра күнінің белгіленуін біз әрине, үлкен қуанышпен қабылдадық. Домбыра — жай аспап емес, бабалар аманаты, қасиетті аспап. Домбыраны ұлықтау ұлт болмысындағы ізгілік атаулыны ұлықтау деп білемін, сондықтан бұл мереке арқылы біздің ұтатынымыз көп болмақ деді кітапхана директоры Асқат Құсайынұлы.
Кеш қонақтары Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған мерекенің тартымды өткеніне дән риза болып тарасты.
Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.
Назым Момбекова