News & Events
Ағымдағы жылы мамыр айының 30 –шы жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада, жеке қызмет көрсету бөлімі жанынан құрылған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубы аясында, «Зұлмат жылдар зардабы» — 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай әдеби-сазды кеш өтті.
Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз сол замандағы солақай саясаттың құрбаны болған жазықсыз азаматтардың әруағына бас иіп, тағзым ете отырп, бүгінгі жастарды Отанын қорғауға, жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу болды.
Шара шеңберінде «Алаш арыстары» атты көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, тақырыптық слайд көрсетілді.
Алғы сөз кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлына берілді.
Іс-шара қатаң саясат салдарынан қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды еске алу мақсатында 1 минут үнсіздік жариялаумен жалғасын тапты.
31 мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні елімізде жыл сайын аталып өтеді. 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Сол кездегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары да жапа шекті. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, осы кезең аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударғандығы турасында баяндалды.
«Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшелері жазушы-публицист Талғат Айтбайұлы, дәстүрлі әнші, аталған клубтың белсенді мүшесі Бауыржан Құмарбеков, күйші, ақын Талап Қараш келген қауымды әсіресе, студент жастарға сабақ болсын деген мақсатпен, саяси қуғын-сүргін құрбандары, халық жауы атанған «Алаш» қайраткерлері туралы естеліктерден мұғлұматтар берді.
Қуғын-сүргін құрбандарын ұмытпай еске алып, өскелең ұрпақ арасында насихаттап, мұндай зұлмат болмасын деген оймен, әдеби сазды кеште Қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйінің өнерпазы, «Армандастар» вокалды тобының әншісі Ержан Дүйсенбиев Қуат Шілдебаевтың «Отан -Ана» әнін орындаса, Бауыржан Құмарбеков Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен, ақын Талап Қараш Сүгірдің күйі «Қос басарды» нақышына келтіре орындады.
Енді бізге қайта оралды заңғарлар,
Сталиндік тозақтарда жанғандар.
Ахметтер, Жүсіпбектер, Сәкендер,
Ілиястар, Бейімбеттер, Мағжандар. – дей келе, осынау қилы кезеңдерде елім деп еңіреп өткен ерлердің есімдерін ұлықтай отырып, тарихқа тағзым ету, жас ұрпақтың басты борышы болмақ.
Алия Рахимжанова,
жеке қызмет көрсету бөлімінің қызметкері