News & Events
2019 жылдың мамыр айының 24-жұлдызында «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-де қазақтың ұлы ақыны, қоғам қайраткері, қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі – Ілияс Жансүгіровтың туғанына 125 жыл толуына орай «Жыр құлагері» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелді ұйымдастырудағы мақсатымыз ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасай отырып, «Құлагер» поэмасына жан-жақты талдау жасау. Сонымен қатар ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының ерекшеліктерін таныстыру. Ақан Сері, Ілияс Жансүгіров, Құлагердің тағдыры арқылы сол кездің өмір шындығын ашып көрсету.
Шараға Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева және Ілияс Жансүгіровтың немересі Ажар Жандосова сондай-ақ кітапханамыздың ардагерлері ақын Зейнолла Тілеужанов, композитор Мубарак Шакиров, ақын Әбетхан Тоқтаған, Олег Рябуха, Владимир Ивановский, Индира Мезикова, Мариям Иминова сонымен қатар кітапхана қызметкерлері және тұрақты оқырмандары қатысты.
Дөңгелек үстелдің жүргізушілері: «Менің жолым» және «РБНСГ – Вести» газетінің редакторы Нұрлан Әбдібек және кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімінің кітапханашысы Марина Макшпаева.
Іс-шараны өткізу барысында жүргізушілер ең алдымен Ілияс Жансүгіровтың өмірі мен қызметіне тоқталды. «Құлагер» поэмасының қазақ және орыс тіліндегі мәтінін кітапхана қонақтары поэма туралы өз ойларын ортаға салды.
Жүргізуші Нұрлан Әбдібек көркем шығарманың тарихи кезеңдеріне шолу жасады. Әнші-композитор Ақан Сері Қорамсаұлының ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген тарихи тұлға екендігіне, көркем поэмадағы өзге де кейіпкерлерді тұлға ретінде нақтылай отырып баяндады. Сонымен қатар, поэманың көркемдік деңгейі туралы қазақ және орыс тілінде оқырмандар сөзге тартылып, поэмадан үзінділер оқылды.
Кітапхана қызметкерлері Жансая Ажарбаева, Жансая Қосмырза, Марал Шинжирхан, Улпан Утешова «Құлагер» поэмадан үзінділер оқыды. Әрбір үзінді оқылғаннан кейін поэма мәтіні бойынша арнайы дайындалған оқырмандар пікір білдіріп отырды.
Сонымен бірге, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева ақынның көпке беймәлім төлқұжаты мен жинақ кітапшасымен таныстырып, көпшіліктің қызығушылығын танытты. «Құлагер» поэмасының неміс және ағылшын тілінде жарық көрген басылымын оқырмандарға ұсынып, алдағы жылда қытай және француз тіліне аударылатынын мәлімдеді.
Ілияс Жансүгіровтың немересі Жандосова Ажар Санжарқызы ақынның отбасы туралы айтып, халықтың қалаулы тұлғасының ұрпағы болғанын мақтан ететіндігі жайлы сөз қозғап, ескірмейтін естеліктермен бөлісті.
Іс-шара соңында кітапхана директоры Асхат Байұзақов қорытынды сөз сөйлеп, Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева алғыс хатпен марапаттады.
Іс-шараға 37 адам қатысты.
Кітапхана ісін дамыту,
библиография және тифлология бөлімі