News & Events
Мамыр айының 8 –ші жұлдызында Жеңіс күні қарсаңында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада «Ел мен ердің жеңісі» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Айтулы іс-шараға кітапханамыздың тұрақты оқырмандары, Қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйінің түрлі ұлт өкілдерінен тұратын өнерпаздары қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз ерлердің батырлықтары мен жанқиярлықтарына, өз Отандарына деген сүйіспеншіліктеріне, ерліктеріне бір сәт тағзым етіп, еске алып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің батырлығын өскелең ұрпаққа насихаттау, тылдағы Жеңісті жақындатқан еңбеккерлердің еңбегінің мәңгі есте қалатынын айту болған. Кешіміздің шымылдығын «Армандастар» вокалды тобының әншісі Ержан Дүйсенбиев «День Победы» әнін орындауымен ашып, келген қауымды дүр сілкіндірді. Кеш барысында Қазақстан Республикасының Ән ұраны орындалып, кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы сөзінде келген қонақтарды, Ұлы Отан Соғысы ардагерлерін Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, бүгінгі іс-шара Отанын, елін, жерін сүйетін, адал патриоттарды тәрбиелейтінін атап өтті. Кеште Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерді еске алу мақсатында бир минут үнсіздік жарияланды. Ешкімде ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмытылмақ емес. Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 74 жыл толды. Бірақ Ұлы Жеңіс ұмытылмайтын сияқты, соғыста ұмытылмастай із қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 800 адам аттанып, тең жартысы қан майданнан оралған жоқ. Сол бір сұрапыл жылдары Қазақ халқы өз Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500-ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алғандығы турасында баяндалды. Кешіміз кітапхананың тұрақты оқырмандарының қатысуымен болған концерттік бағдарламамен жалғасты. Қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінің өнерпаздары, «Қаламқас» вокалды тобының орындауында «Вальс ветеранов», «Вальс победы», «Соловьи Алатау» орыс хорының орындауында «Солнце скрылось за горою», «Шёл со службы пограничник», «Катюша» әндері нақышына келтіріле шырқалды. Алма Бейсембаеваның «На Кургане», Любовь Тарасованың орындауында «Анама сәлем», Фарида Қалиеваның орындауында «Ағаларым», Айша Садырбаева «Смуглянка» әнін Илья Паздеровтың баянда сүйемелдеуімен орындады. Владимир Ивановский «Увы — наша память», Мария Иминованың «Поем мы песни о войне» өлеңдерімен, Әспеткүл Айтжанованың орындауындағы «Ана туралы баллада» әнімен кешіміз мәресіне жетті. 9 –мамыр бұл мереке ғана емес, бұл ауыр еңбек, бұл халықтың батырлығы. Біздің парызымыз — бұл күнді есте сақтау. Тарихымызда қалған бұл сұрапыл соғыста қан кешкен ардагерлеріміз аман болсын! Тәуелсіз еліміздің дархан даласы кең, аспаны ашық болсын! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кең пейіл Қазақ елі жасасын!
Алия Рахымжанова,
Жеке қызмет көрсету бөлімінің қызметкері