News & Events
«Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша Әбіш Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романы мен ақын Әбділда Тәжібаевтің өлеңдерін талқылау. ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының, ҚР кітапханашылар Ассоциациясының бастамасымен 2007 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Бір ел-бір кітап» акциясы биылғы жылы еліміздің ұлы тұлғалары Әбіш Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романы мен ақын Әбділда Тәжібаевтің өлеңдерін оқуды ұсынған болатын. Акцияның мақсаты – жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге, ана тілге мұқият қарауға, оқу мәдениетін қолдау және дамыту мен сауаттылық бағдарламасын арттыруға, рухани мұраны сақтауға және оқуға деген ынтасын ояту болып табылады. Осыған орай, 2019 жылдың 5 сәуірінде «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-де «Бір ел-бір кітап» акциясы бойынша Әбіш Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романын оқырманқауымға таныстырылып, талқылау іс-шарасы өтті. Шара бастамасында магистрант Гульвира Муканбаева «Бір ел-бір кітап» акциясының тарихына шолу жасады. Жалпы, бұл жобаның идеясы АҚШ-та өте танымал болғандығы, бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік-батысындағы ірі қала Вашингтон штатына қарасты – Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылғандығы жөнінде айтып шықты. Одан әрмен кітапхана қызметкері, ақын Нұрлан Әбдібеков шараның мақсатымен және Ә. Кекілбаевтің 11,12,13,14,15 том кітаптарын көпшілікке таныстырып, «Аңыздың ақыры» романының мазмұнын баяндап берді. Шарада ақын З. Тілеужанұлы, профессор М. Қонысбаев, ақын Ә. Тоқтаған қонақта болып, жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Ә. Кекілбаевтің туындыларын тарихи шығарма дегеннен гөрі, тарихи материалдар негізінен алынған аңыз деп айту орынды. Өйткені, автор Самарқандағы Бибі-Ханым мешітін тұрғызу туралы аңызды негізге алып, оны қатты өзгерткен. Атап айтқанда, қаланың атауы жоқ және Әмір Темірдің атын алып тастап, басты кейіпкерді Әмірші деп атаған. Нәтижесінде билік, өнер және махаббат туралы қуатты аңыз-әңгіме пайда болған. Шара барысында қонақтар жазушы шығармашылығында жиі орын алатын қатыгез билік, әділ махаббат және ештеңеге қарамастан салтанат құрған өнер туралы әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, жазушы Ә. Кекілбаевтің өзге де кітаптары жөнінде және теңдессіз шығармашылық жұмысына тәнті болып кітапхананың зағип оқырмандары В.В. Ивановский, И.М. Рзахуновна өз ойларын ортаға салып, сөз сөйледі. Кітапхана қызметкері, ақын Нұрлан Әбдібеков жазушы Ә. Кекілбаевтің кітаптары өзінің қызығушылықтары мен ой-пікірлерінің негізгі шеңберін айқындау арқылы қиялға, философия мен психологизмге бейімделгендігі екендігі жөнінде ашып көрсетті. Шара соңында кітапхана директоры А.К. Байузаков «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетіндегі құнды туындыларды насихаттау, жастарға рухани-патриоттық тәрбие беру, оқырмандарды кітапханаға тарту және көркем әдебиет оқуға баулу мақсатында әртүрлі жұмыс түрлерін қолдану керек екендігін толықтай айтып өтті.
Ж. Қосмырза