News & Events
Наурыз айының 28-ші жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана оқырмандарымен өткен ғасырдың соңғы ширегінде өмір сүрген қазақтың, ғажайып, қайталанбас өнер шеберлерінің бірі әнші Жәнібек Кәрменовтың 70 жылдығына орай «Жыр дүлдүлі Жәнібек» атты еске алуға арналған әдеби сазды кеш болып өтті.
Кеш барысында қазақ ән өнерінің майталманы Ж. Кәрменовтің өнері мен өмірі жайлы естеліктер айтылып, бейнесюжет көрсетілді.
Тыңдарманын тамаша дауыс ырғағымен, орындау шеберлігімен тәнті етіп, талантымен таңқалдырған Жәнібек «Өнер» баспасында редактор, Алматы мемлекеттік консерваториясында халық әндері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ол өзіндік ән орындаушылығымен ерекше көзге түсті. Көптеген халық композиторларының шығармашылық өмірі мен мұрасын насихаттау және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіру ісіне зор үлес қосты. Қазақ радиосы мен телевизиясы арқылы халық әншілері мен әншілік дәстүр жайында хабарлар жүргізді.
Дәстүрлі ән өнерінде өзіндік дара жолын салып, мектеп қалыптастырып кеткен қайталанбас өнер иесіне арналған кеште Жәнібек Кәрменовтың төл туындылары мен орындаған әндерін «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншілері Мұсағали Жасұлан «Ағаларым-ай», «Дәурен-ай», Сақаев Жасұлан «Бабалар-ай», «Әнің қайда Жәнібек» әндерін шырқады.
Кеш соңында кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы кеште өнер көрсеткен жас таланттарға сәт-сапар тілеп, алғыс хат тапсырды.
Кеш қонақтары Жәнібек Кәрменовтың еске алуға арналған тартымды өткен кешке дән риза болып тарасты.
Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.
Шараға 24 оқырман қатысты.
Назым Момбекова,
Өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері