News & Events
Үсіміздегі жылы Наурыз мерекесін тойлау қарсаңында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада «Армысың, әз Наурыз!» атты кітап көрмесі жасақталды. Наурыз мейрамының айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурыз тойының ең басты ерекшелігі – қамқорлықтың, мейірімнің айы болған Наурызды ізгі тілек, ізетті қамқорлықпен қарсы алу еді. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек.
Кітап көрмесін ұйымдастырудың мақсаты: Пайдаланушылардың, көпшілік қауымның түркі халықтарының ұлы мерекесі Наурыз мейрамының қажеттігін сезіну, қалыптасу тарихымен таныстыру, түркі халықтарының салт-дәстүрлерін насихаттау, туған өлке, туған жерге деген патриоттық сезімін жандандыру. Аталған мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Армысың, әз Наурыз!» атты кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім: Наурыз мерекесінің ресми түрде тойлану тарихы туралы. Екінші бөлім: Наурыз мерекесін түркі халықтарының мейрамдау нұсқалары, оған қатысты ұғымдар мен рәсімдер, ғұрыптар туралы ақпараттар; кітапхананың тұрақты оқырмандары, зағип ақындарымыз «Незабудка» әдеби бірлестігінің мүшелері Владимир Ивановский, Лидия Пенина, Мариям Иминованың, «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының жетекшісі Әбетқан Тоқтағанның өлеңдер жинағы қойылды. Үшінші бөлім: Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптейтін талғам мен танымға, шеберлікке, ұлағаттылыққа байланысты әдебиеттер, мерзімдік басылым беттеріндегі мақалалар қойылған. Атап айтсақ, «Армысың, әз Наурыз» атты кітап көрмесіне С. Кенжеахметовтың «Жеті қазына», С. Ерғалиұлының «Нау мен ырыс», Ө. Жәнібековтың «Қазақ киімі», С.Кенжеахметұлы «Қазақтың дарқан дастарқаны», С. Қасиманов «Қазақтың ұлттық тағамдары», С. Қалиев, М. Оразбаев, М. Смайлов «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақы неке», М. Өмірбеков «Көшпенділер мәдениеті», А. Естенов «Халық әндері», С. К. Косанбаев «История становление и развития этнографии Казахстана», Мәшхүр Жүсіп Көпейұлы «Наурызнама», Нуриля Шаханова «Мир традиционной культуры Казахов» атты кітаптар мен наурыз мерекесін тойлау туралы мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар қойылды. Жоғарыда аталған кітап көрмесімен 15-ші наурыз күні, Әль–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің 3, 4–ші курс студенттеріне шолу жасалынды. Көрмеге қойылған кітаптар мен мерзімді басылымдар беттеріндегі мол ақпараттар пайдаланушылардың қызығушылығын туғызып, мереке туралы өздеріне қажетті мағлұматтарды алады деген ойдамыз. Көрме наурыз айының аяғына дейін қызмет көрсетеді. Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол, жыл ырысты болсын!
Алия Рахимжанова,
жеке қызмет көрсету бөлімі