News & Events
Биыл Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі. Бұл қазақ театры мен кино өнері үшін рухани жаңғырудың ең үлкен көрінісі саналады. Ағымдағы жылдың наурыз айының 14-ші жұлдызында кітапханада Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр актрисасы – Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған дауыстап оқу сағаты өтті.
Іс-шараның мақсаты: Оқырмандарды актриса Ә. Өмірзақованың өмірі және оның әртүрлі образы арқылы қазақ әйелінің шынайы бейнесін көрсетіп, көрермендердің жүректерін баурап алатын оның құнды өнерімен таныстыру. Іс-шара барысында Ә. Өмірзақованың өмірбаянымен қазақ тілінде Құсайынова М.Ж., орыс тілінде Поволоцкая Б.У. таныстырды. Актрисаның 100-жылдығына арналған қысқаша бейнебаян және әртүрлі образда түскен суреттері слайд түрінде көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қазақ халқының сүйікті актрисасы Ә. Өмірзақова 1919 жылы 8 наурызда Семей облысының Абай ауданы, Шыңғыстау бөктеріндегі Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, Қаптығай есімді ағасының қолында өседі. Кейін осы ағасының отбасы 1932 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Осылайша, Ә. Өмірзақова оңтүстік астанада білім алып жүріп Борис Ерзакович жүргізетін хор үйірмесіне қатысады. Халық ақшадан қысылған қиын заманда радиода ән айтып, үйіне ақша жіберіп көмектеседі. 1934 жылы болашақ актриса Ленинград қаласындағы театр мен кино өнері институтының жастарды оқуға шақырған хабарландыруын көреді. Кейін, жолы болып оқуға түсіп, актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алады. Небәрі 15 жастағы Ә. Өмірзақова КСРО халық әртісі Василий Меркурьев пен профессор Ирина Мейерхольдтан білім алып, актерлік техниканың қыры мен сырын меңгере бастайды. Институт қабырғасында жүріп «Ленфильмнің» көптеген туындысында екінші деңгейлі рөлдерді сомдап, кино әлеміне қадам басады. Оқуды тәмамдағаннан кейін, Ә. Өмірзақова 1938 жылы В. Меркурьев шәкірттерімен бірге Шымкент қаласында ашқан қазақ драма театрына жұмысқа тұрады. Алғаш Мұсатай Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин» атты тарихи пьесасында Шәуәлидің рөлін сомдайды. Пьесада бала іс-әрекетін, жүріс-тұрысын айнытпай салуы, оның дауысын нанымды келтіруі Ә. Өмірзақованы зор табысқа жеткізеді. 1958 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық Жастар театрының фестивалінде Шәуели мен Дмитрий Фурмановтың «Бүліншілік» пьесасындағы Камал рөлі үшін лауреат атанып, І және ІІ дәрежелі құрмет дипломымен марапатталады. «Абай әндері», «Ақ раушандағы» рөлдері — олардың қай қайсысы болса да, екінші рет қайталанбайтын дара бейнелер еді. Алғашқысында Ажардың бойындағы төзімділік пен оның достарына деген ыстық ықыласы, турашыл мінезі мен батылдығы Әмина арқылы қазақ халқына кең тарады. Түсірілім жұмыстары басталмас бұрын режиссер Григорий Рошаль актрисаға үлкен сенім артатынын ашық білдіреді. Осы жауапкершілікті сезінген актриса күрделі образды сәтті сомдап шығады. Актрисаның тағы бір есте ерекше қалған рөлі — «Тақиялы періштедегі» Тайлақтың анасы. Осы Тайлақты сомдаған кейіпкер Әбілғазы Райымқұлов актриса қайырылмас мәңгі сапарға аттанғанда бір қабырғасының қаусап, түсіп қалғандай күй кешкенін айтады. Бірде араға көп жыл салып актрисаның үйіне барғанында ол кісі «Келмегелі қанша болды? Неге бір шәушім шайға келмей жүрдің?» деп ұрысып, ілініп тұрған қамшымен әзілдеп ұрмақ болған екен. Ә. Өмірзақова, театр, кино, телевидение, радиода жұмыс істеп қана қоймай, қалалық кеңестің депутаты болады. Сонда екі ұл, бір қызы «Анашым, сен бізге қарағанда, басқаларға көбірек көңіл бөлесің» деп ренжіген екен. Ал актриса мұндайда «Сендер өз-өздеріңді алып шығасыңдар. Ал басқаларға көмектесетін ешкім жоқ» деп жауап берген. Көрермен көзайымына айналған актриса 2006 жылдың қыркүйегінде көз жұмды. Осы кезде ұлы Талас Өмірзақов көпке дейін өзіне келе алмай қиналғанын жасырмайды. Ұзақ уақыт ол үйге келе салысымен бұрынғы әдетінше «Анашым, мен келдім» деп айтатын болған екен. Соңында мол мұра қалдырған актриса 1958 жылы Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі, 1965 жылы Қазақ КСР Халық әртісі, 1967 жылы қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның жоғарғы марапаты «Еңбек Қызыл Ту» ордені, КСРО-ның «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері атанып, КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалімен, 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты Отан орденімен марапатталды. 2001 жылы Қазақстанның Тәуелсіз «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері атанып, 2004 жылы «Ұлы Отан соғысына 60 жыл» мерекелік медалін алды. Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.
Құсайынова М.Ж.,
Өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері