News & Events
Ана есімін ауызға алмайтын адам баласы жоққа тән. Бұл есім жер шарындағы күллі адамзатқа тиесілі. Жердің өзіне де Жер — Ана деп теңеу айтып жүрген жоқ па? Ана хақында ғұлама атаулының бәрі де жүректерінен жарып шыққан асыл сөздерін қалдыруы сондықтан. Ағымдағы жылдың 6 наурызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай «Ана – тіршілік тірегі» атты мерекелік кеш өтті. Мерекелік кештің мақсаты: Нәзік жанды аруларымыздың қоғамдағы рөлінің айтарлықтай екендігін дәлелдеп, оларға деген сый құрметті өнер, жыр арқылы жеткізу. Айтулы мереке күні керемет көңіл күй сыйлап, ыстық ықыласқа бөлеп, мейірімділік төгу. Кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы кітапхананың дамуына өз үлестерін қосып жүрген қыздарды, әйелдерді 8 наурыз мерекесіне жылы лебізін білдіріп құттықтады. Мерекелік іс – шара жарқын концерттік бағдарламамен жалғасты: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Болатбек Құбашев «Он алты қыз», «Сүйген жар», кітапхана жанынан құрылған «Армандастар» вокалды-аспаптар тобының әншілері Ғизатов Нұрбек пен Виталий Гусев «С поздравлением 8 марта», Ержан Дүйсенбиев «Анаға тағзым», «Ана туралы жыр» әндерін, кітапхана қызметкері Қожахметов Мирас пен «Армандастар» вокалды-аспаптар тобының мүшесі Ержан Дүйсенбиев «Ерке сылқым» күйін, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Тажигулов Мейрбек «Сен сұлу ханшайымсың», «Ақмешіттегі ақ жеңгем», «Махаббат майданы» әндерін орындап, оқырмандардың, оның ішінде әйелдер қауымының ыстық ықыласына бөленді.
Даржанова Г.Т.,
Өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің меңгерушісі