News & Events
Кітапханада 8-ші наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Қаламқас» вокалды тобының әншісі Фарида Қалиеваның «Әнмен өрнектеген өмірін» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.
Кештің мақсаты: Жас ерекшелігіне қарамастан барлық азаматтарға рухани-мәдени тәрбие беру бағытында қолдау көрсетіп, шығармашылық ізденістерге себепкер болып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, басты мақсат зағип өнерпаздың өмірі мен шығармашылығын насихаттау. Фарида Қалиева 1966 жылдың 1-ші ақпанында Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Фариданың анасы, ағалары да өнерге жақын адамдар болған. Фарида Қалиева Алматы қаласына1991 жылы көшіп келген. 1993 жылы қант диабетіне шалдығып, аурудың салдарынан көз жанарынан айырылған болатын. Қазақ Соқырлар Қоғамына мүше болып 1998 жылы тіркелген. Қоғамға келгеннен Мәдениет үйінің көркем өнерпаздар құрамымен түрлі іс-шараларға белсене қатысып келеді. Кітапханадағы оңалту кабинетінде Брайль жүйесі бойынша жазып, оқуды үйрену курсынан дәріс алған. Фариданың Брайль жүйесін үйренуінде ұстазы зағип ақын, кітапхананың ардагері Иминова Мариям Рузахунқызының еңбегі зор. Бүгінгі таңда Фарида Қалиева кітапханада өткен барлық іс-шараларға белсене қатысып, өз өнерін паш етуде. Фарида Сарбасқызы «Қаламқас» вокалды тобының құрамына 2017 жылдан бастап қабылданып, ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленген жан. Іс-шараны кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы ашып, Фарида Сарбасқызын шығармашылық кешімен құттықтап, «Алғыс хат» табыстады. Сонымен қатар, Қазақ соқырлар қоғамының Алматы қаласындағы филиалының төрайымы Кунурбаева Кәбира Сағидолдақызы да кеш иесін құттықтап, жылы лебізін білдірді. Осындай жақсы тілектерімен ортаға Фариданы құттықтауға зағип ақын Мариям Иминова мен әншінің жұбайы Сергей Раковскийде де шығып тілектерін айтты. Іс-шара барысында Фарида Қалиева «Шақырады көктем», «Серебристые снежинки», «Весенний вальс», «Анашым – ана жаным», Наурыз – көктем», «Күн дидарлы Казақстан», «Әдемі-ау», «Бәрінен де сен сұлу», «Наступила осень», «Ауылым – әнім» әндерін керемет шеберлікпен орындап, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Фариданы шығармашылық кешімен құттықтап келген өнердегі әріптестері: Батана Колесникова, Бәтима Полищук «Ақмаңдайлым», «Я люблю» атты әндерін нақышына келтіре шырқаса, Галина Хмырова ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңін оқып берді. Кеш «Қаламқас» вокалды тобының орындауындағы «Мой город», «Утро в деревне» атты әсем әндердің орындалуымен мәресіне жетті.
Жеке қызмет көрсету бөлімі