News & Events
Ақпан айының 28-ші жұлдызында кітапхана оқырмандарымен ҚР Құрмет орденінің иегері, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Нағима Есқалиеваның шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Өнері үлгі жастарға» атты сазды кеш болып өтті.
Табиғаттың тебіренген, қуанған шағының перзенті — әнші десек, сол перзентінің иесі де, іздеушісі де халық. «Ән көңілдің ажары десек», кәусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағынышты да осы әннен табасыз. Әнге өң беріп, жан бітіретін, тыңдаушы құлаққа өз деңгейінде жеткізетін, сұлу саздың құдіретін көзбен көріп, қолыңмен ұстағандай керемет көңіл-күй сыйлайтын да әнші. Сол әншінің өмірі мен шығармашылығын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған кешке кітапхана оқырмандары, кітапхана қызметкерлері, әншінің шәкірттері қатысты.
Шара барысында Нағима Есқалиеваның шәкірттері Г. Қашқынбаева, М. Тажигулов, А. Оразақын, А. Матикова сөз алып, ұстаздарының шығармашылығы туралы өз ойларымен бөлісті.
Әншінің өнегелі өмірі, сыры мен қыры жайлы қызықты естеліктер айтып, әншінің репертуарынан бірнеше әндерді орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Кеште оқырмандар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.
Кеш соңында кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы кеште өнер көрсеткен жас таланттарға сәт-сапар тілеп, алғыс хат тапсырды.
Кеш қонақтары Нағима Есқалиеваның шығармашылығына орай тартымды өткен шараға дән риза болып тарасты.
Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.
Назым Момбекова