News & Events
«ЗНКААРК» РММ-де өткен кезекті біліктілікті жетілдіру сабағы
- 01.03.2019
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Бүгін кітапханада біліктілікті жетілдірудің кезекті сабағы өтті. Сабақ барысында Е.И.Полянный қазіргі таңдағы көзі көрмейтін оқырмандарға арналған «Skype» бағдарламасының жаңа жетістіктеріне тоқталды. «Skype» бағдарламасының ескі нұсқасында жаһандық пернелер тіркесімдері қолданылды, яғни қоңырау қабылдау немесе сөйлесуді компьютердің кез-келген терезесінде аяқтауға болатын. Алайда бұл нұсқаудың барлығы 2019 жылы іске аспай қалды. Сондықтан, қазір кез-келген әрекет жасау үшін «Skype» бағдарламасына ауысу керек. Жаңа және ескі «Skype» нұсқаларының айырмашылығын қарастырайық. Егер ескі нұсқада контактілер тізіміне өту үшін Alt +1 пернелер тақтасын бассақ, жаңасында Alt+2 басамыз. Ескі нұсқаларда кез-келген әрекет: қоңырау, хабарлама жіберу немесе контактілерді жою контекстік мәзірде таңдалса, жаңа нұсқаларда контекстік мәзірде тек бір тармақ – пайдаланушы профилі таңдалып, профильден қажетті әрекет таңдалады. Бұрынғы кезде қоңырауды қабылдау үшін Alt + Page Up пернелер комбинациясын теретінбіз, ал қазір қоңырау шалғанда пайдаланушының көз алдында Skype терезесі шығады, ондағы жауап беру батырмасын табу керек. Ескі нұсқаларда сөйлесуді тоқтату-Alt+Page Down пернелерінің комбинациясы болса, жаңасында Ctrl+e пернелер комбинациясы қолданылады.
Біліктілікті жетілдіру сабағын әрі қарай Өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі Даржанова Г.Т. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстанның киелі жерлеріне, соның ішінде Алматының бірегей бес жәдігеріне тоқталды. Атап айтар болсақ: Райымбек батыр кесенесі, «Боралдай сақ қорғандары» қорымы, қасиетті Вознессенск соборы, А. Байтұрсыновтың музей-үйі, Республика алаңы. (Алаңда орналасқан «Тәуелсіздік» және «Тәуелсіздік таңы» монументтері)
РАЙЫМБЕК БАТЫР КЕСЕНЕСІ
Райымбек Түкеұлы (1705-1785) 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Райымбек батыр – көзінің тірісінде-ақ «көріпкел», «әулие» атанған адам. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы “Ойрантөбе” деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1733 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. Жазушы Ж.Тұрлыбайұлы роман, ақын Мұқағали Мақатаев “Райымбек, Райымбек” атты поэма жазған. Алматы облысында Торайғыр тауындағы Айырлы асуының маңында “Райымбек бастауы” бар. Облыстың Нарынқол, Кеген аудандары бірігіп, қазірде Райымбек атымен аталады, онда батырға ескерткіш орнатылған. Батырдың бейіті Алматы қаласындағы оның есімімен аталатын үлкен даңғылдың бойында. Бейітінің басына кесене-күмбез тұрғызылған.
«БОРАЛДАЙ САҚ ҚОРҒАНДАРЫ» АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ПАРК-ҚОРЫҒЫ
Боралдай сақ қорғандары Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында, оңтүстік астананың солтүстік батыс аймағында орналасқан. Б.з.д.VІІІ-ІІІ ғ.ғ. Жетісу жерін мекендеген сақ тайпалары, б.з.б. ІІІ ғ. – б.з.ІІІ ғ. үйсін тайпалары мекен еткендігі анықталды. Оңтүстігінде Үлкен Алматы каналымен, солтүстігінде Боралдай ауылымен шектесіп, Боралдай үстіртінің бір бөлігін алып жатыр. Бұл қорымның ұзындығы 3 шақырым болса, ал ені 800 метрге дейін аумақты алып жатқан тарихи-мәдени ескерткіш. 430 гектар аумақты алып жатқан «Боралдай сақ қорғандары» – археологиялық парк-қорығында ерте темір дәуірі кезеңінің 47 үлкен сақ және 200-ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Аса үлкен қорғандардың биіктігі 10–14 метрге дейін жетсе, диаметрі 80–150 метрді алып жатыр. Сақ обалары Жетісудің, әсіресе, тау бөктері аймақтары бедерінің ерекше белгілері болып табылады.
ВОЗНЕСЕНСК КАФЕДРАЛДЫҚ СОБОРЫ
ХХ ғасырдың басындағы ерекше тарихи ескерткіштердің бірі. Оның бір ерекшелігі құрылысына бірде бір шеге қолданылмаған. Сондықтан да ол сәулет өнерінің тамаша туындысы саналады.
Ғибадатхананың негізі 1903 жылы 26 қыркүйекте, Пушкин бағында (қазіргі 28 панфиловшылар саябағы) қаланды. Оның құрылысы 1904–1907 жылдар аралығында жүргізілді. Әлі күнге дейін собордың авторы туралы пікірталастар туындап отырады. Верныйдың басты провославиелік соборын кім ойлап тапты, жобасын кім жасады дегенде, Андрей Павлович Зенковтың есімі автор ретінде аталды. Алайда, оны «прораб қана болды» деп ғимарат сәулетшісі ретінде Поля (Павел Васильевич) Гурдэны айтушылар да болды. Шындығында Вознесенск соборы – ұжымдық шығармашылықтық жемісі деген пікір бар. Алғашқы жоба авторлары болып мәскеулік сәулетшілер Сергей Константинович Тропаревский мен Константин Аркадьевич Борисоглебский есептеледі. Сол уақытта олар бірнеше мәскеулік ғибадатханалардың жобалауына қатысқан, ал Верныйға табыс табу үшін келген. Алайда, Тропаревский мен Борисоглебский ғибадатхананың тек «қағаз жүзіндегі» кезеңіне қатысқан, өйткені, 1902 жылы, собор құрылысы басталмас бұрын олар Жетісудан кетіп қалған. Ал жобаны шын іске асыру Андрей Зенков пен Поля Гурдэгенің еншісіне тиді. Ғибадатхана қабырғалары мен икон жазуларды суретпен әшекейлеумен Қазақстандағы бейнелеу өнерінің негізін қалаушы және болашақ классик Николай Гаврилович Хлудов айналысты. Вознесенск соборы бірегей архитектуралық ғимарат болып табылады. Ол дүние жүзіндегі ағаш ғимараттардың ішіндегі маңыздыларының бірі және дүние жүзіндегі ең биік православиелік ағаш храм. Бас күмбез кресінің ұшындағы ең биік нүктесі 39,64 м. құрайды, мұнараның ұшындағы ең биік нүкте – 45.4 м. Сыйымдылығы – 1,8 мың адам.
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ МҰРАЖАЙ-ҮЙІ
Қоғам қайраткері, ақын, ғалым, тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсыновтың ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани дамуына қосқан үлесі өте зор. Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласындағы мұражай үйі 1993 жылы ұйымдастырылған. Бұл музейдің ашылуының ерекше тарихы бар. 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы соты 51 жыл «халық жауы» деп қара күйе жағылып келген Ахмет Байтұрсынұлының іс-қимылынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан, тергеу барысы тоқтатылсын деген шешім шығарып, тарихи тұлғаның есімі ресми түрде ақталды.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық жолына арналған мәдени-ғылыми мұражай Алматы қаласындағы А. Байтұрсынов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұл үйде Байтұрсынов 1934 жылдары тұрған. Мұражай-үйдің бөлмелерінде орналастырылған заттардың көбі жақын-туыс жанашырларынан алынған. Онда Байтұрсынұлы өміріне байланысты мұрағат материалдары, түрлі құжаттар, қолжазба мұралары, фотосуреттер, сирек кездесетін кітаптар қойылған. Мұражай 1,5 қабатты, төрт бөлме және бір бөлмелі жертөледен тұрады. Үшеуі – көрме залы, бір бөлме – ахметтану дәрісханасы. Жертөле – музей мен қоғамдық қор қызметкерлерінің кеңсесі. Музей қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық деректі ресми құжаттар, 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған түпнұсқалық құжаттар, 12 жеке суреті, 27 ұжымдық деректі суреттер бар. Музейде саналы өмірін қазақ жұртының тілі, діні, ділі, жері жөніндегі жұмыстарға арнап, өз өмірінде 5 рет сотталып, екі рет жер аударылған тұлғаға қатысты құнды деректер мен қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі жинақтар сақталған.
«ТӘУЕЛСІЗДІК» ЖӘНЕ «ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢЫ» МОНУМЕНТТЕРІ
Тәуелсіздік монументі Республика алаңына көрік беріп тұрған қайталанбас кешенді құрылыс. Монументтің ұшында барысқа мінген Алтын адам бейнесі бейнеленген. Ал монументтің айналасында қазақ даласының ежелгі тарихы толықтай қамтылған. 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуы құрметіне биік обелиск түрінде тұрғызылған монументті құрылыстың авторлары: архитектор Шотаман Ыдырысұлы (топ жетекшісі), мүсіншілері Нұрлан Далбай, Әділет Жұмабаев сәулетшілері Қазбек Жарылғапов, Қалдыбай Монтақаев, т.б. бас конструкторы С.П.Каламкаров.
Тәуелсіздік монументі – ел тәуелсіздігінің бес жылдығына орай Алматы қаласында салынған сәулет және мүсін өнері ескерткіші. Қазақтың қолданбалы өнерінен тамыр тартқан Тәуелсіздік монументінің негізгі ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастан құралып, оның биіктігі 28 метрге жетеді. Көк аспанға қарай шаншыла бой көтерген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып, мүсінделген әрі оған Қазақстанның елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағындағы сауыт, алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім-тұлғасы (биіктігі – 6 метр, салмағы – 4 тонна) аса айбарлы кейіппен, Тәуелсіздік монументінің беріктігі мен ауқымдылығын айқын аңғартады. Ал «Тәуелсіздік таңы» монументі 2006 жылы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Ескерткіш танымал қазақ сәулетшісі әрі дизайнер Тимур Сүлейменовтің жобасы бойынша жасалған.
Г. Даржанова, Е. Полянный.