News & Events
«Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты»
- 04.03.2019
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
2019 жылдың наурыз айының 4 жұлдызында «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-де Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII cъезінде айтылған мәселелері ортаға салынып, талқыланды. Кітапхана директоры Байузаков Асхат Кусаинович модератор ретінде cъезде айтылған мәселелерге тоқтала отырып, жаңа бағдарламаның маңыздылығына, басты мақсат – халықтың тұрмыс деңгейін арттыру екендігін айтты. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауда барлық бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін өз үлесімізді қосу басты міндет екендігіне кеңінен тоқталды. Алматы қаласы, Алмалы аудандық «Нұр Отан» партиясының өкілдері Ахметжанова Салтанат Дарушовна, Қарасай Жайна Асылбековна іс-шараның қонағы болды. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде өткен 20 жыл ішінде Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін айтып, елімізде болған барлық оң өзгерістердегі «Нұр Отан» партиясының рөлін ерекше атап өтті. «Біздің басты басымдығымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық. Елімізде әрдайым әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп келді, бұл көрсеткіш алдағы уақытта бірте-бірте арта беретін болады», – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлінетіндігі туралы айтты.
Съезд барысында партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы айтылған болатын. Шара барысында осы жоғарыда аталған 10 мақсатқа кітапхана қызметкерлері тоқталып өтті. 1-4 бағыттары бойынша Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімінің қызметкері Макшпаева М.С., 5-7 бағыттарын Жеке қызмет көрсету бөлімінің қызметкері Поволоцкая Б.У., 8 — бағыты бойынша Кітапхана оқырманы Даутов А. және 9-10 бағыттары бойынша Кітап қорын сақтау және абонемент бөлімінің қызметкері Полянный Е.И. съезд мәселесіндегі 10 мақсатты талқылады. Талқылау барысында оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылып, «Нұр Отан» партиясының өкілдері қойылған сұрақтарға қанағаттанарлықтай тұрғыда жауап беріп, партия қызметінде шектеу жоқ екендігі жайлы, халықтың кез-келген мәселелері бойынша есіктері әрқашан айқара ашық екендігін атап өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде сөйлеген сөзінің толық мәтінін кітапхананың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімі дайындады.