News & Events
Наурыз айының 1- ші жұлдызында кітапханада «Алғыс айту» күні аясында «Алғыс айту- парызым» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шараны өткізудегі мақсатымыз, елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің «сыйластық» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, ұлттар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу. Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» — деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойғандығын кеш жүргізушілері баяндап өтті. Кеш барысында «Қазақ еліне рахмет!» «С любовью о Казахстане!» атты деректі фильм көрсетілді. Көпшілікке ұсынылған деректі фильмде репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халықтың көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлері туралы грек, неміс, еврей, тағы басқа ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ыстық ықылас, ризашылықтарын білдіргендігі турасында сөз болды. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Кеште «Алғыс айту» күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні екендігі айтылды. Мерекелік іс-шараны кітапхана директорының орынбасары Мақсұт Тайынұлы Джумабеков құттықтау сөзімен ашып берді. Осы мерекелік кешке арнайы шақырылған кітапханаың белсенді оқырмандары, әрі зағип ақындары Владимир Ивановский «Благодарение земле», Валентина Любина «Благодарение Творцу», Ирина Фетисова «Лучезарная мама», Мариям Иминова «Первый учитель» Галина Хмырова «Я вас благодарю» туындыларын оқыса, Қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қаламқас» вокалды тобының орындауында «С добрым утром тебя, Казахстан!» «Әнім сен едің» әндері орындалып, осы аталмыш топтың әншісі Геннадий Демин «Притяжение земли» әнін шырқады, Гульмира Жұмабаева домбыраның сүйемелдеуімен халық термесі «Атаға өсиет», Алтынбек Қоразбаевтың «Шашбаулым» әндерін нақышына келтіріп шырқаса, әуесқой композитор Альнора Мурдинова өзінің «Так не бывает», «Наш дом» атты шығармаларын орындап берді. Кітапхананың қонақтары, Наталья Алаева «Под лаской плюшевого пледа» әнін айтса, Виктор Вейбер сыбызғы аспабында «Одинокий пастух», «Улетай на крыльях ветра» шығармаларын шебер орындап, көпшілік қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын, барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді одан әрі жақындастыра түспек. Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде. Олай болса, «Алғыс айту» күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні деп білеміз.
Жеке қызмет көрсету бөлімі