News & Events
Желтоқсан айының 21-де Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың жеке қызмет көрсету бөлімінде Мәдениет саласының үздігі, Қазақ Зағиптар Қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының, Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі ақын Әбетхан Тоқтағанның 70 жылдық мерейтойына орай «Жаны жайсаң – жан аға» атты кітап көрмесі жасақталып, оқырмандарға таныстырылды.
Кітап көрмесін ұйымдастырудағы мақсатымыз ақынның өмір жолына шолу жасай отырып, өлеңмен өрнектелеген өнегелі өміріне терең бойлау арқылы жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу, ана тілі мен мәдениетін жете біліп, поэзияны қастерлеуге, сүйіп оқуға бейімдеу, ақын өмірін насихаттау болған.
Әбетхан Тоқтаған өзінің саналы ғұмырын өнер дейтін, өлең дейтін рухани әлемге арнаған, бал балалық шағын, дәуренді жастығын туған жері — Зайсанда өткізген, бүгінде Алматыдан сағынышты жырларын арнап жүрген ағамыз жеті белес- жетпіске жетіп отыр.
Қаламгер Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының Ақарал ауылында 1948 жылдың 13 ақпанында дүниеге келген. Зайсан қаласындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, ауылдық жердегі кітапханада, Зайсан аудандық мәдениет үйінде, аудандық «Достық» газеті мен аудандық радио хабарын тарату редакциясында жауапты редактор, диктор болып қызмет атқарған.
Зайсан өңірінде алғашқы болып концерттерді өлеңмен байланыстырып әнге ұштастыруды бастаған Әбетхан аға болатын. Ал сол кезде үйлену тойларында асаба болып жүздеген тойларда өлең оқып, басқарып, жаңаша өзгерістер енгізген де өзі еді. Осы қасиеттерінің арқасында сонау алғашқы жұмысқа тұрған Ақарал совхозындағы кітапхана, клуб жұмыстарында өзін көрсете білген. Жастарды ұйымдастырып, пьесалар қойып, комсомолдың жұмысын жандандырырған, сол тұста өнердің қай саласынан болса да, аудан бойынша алдыңғы қатардағы «Дайыр» ауылындағы мәдениет ошағына шақыртылады.
Одан әрі аудандық мәдениет үйінде қызмет істеп, «Достық» газетіне ауысады. Мұның бәрінде Әбекеңнің еңбегін , өнерін, ұйымдастыру қабілетін бағалап ауыстырып отырған.
Әбетхан Тоқтаған зейнеткерлікке шығып, қарап жатпай өзі 40 жыл қызмет істеген мәдениет үйіндегі іс-шараларға қатысып, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана жанынан «Өнер өрімдері» атты әдеби-мәдени клуб ашып, өнерлі адамдармен кездесу, өнерін тамашалау, дәріптеу мақсатында жиі бас қосулар өткізіп тұрады. Осындай кездесулерге Зайсандық жерлестерін де қалдырмайды.
Әбетхан ағаның қаламынан «Жатсынба жарық дүние» (2001), «Ізгілік ізімен» (2005), «Өмірден өлең іздеймін» (2008), «Айжарық ғұмыр кештім мен» (2016), «Заман – ұзақ, өмір шақ» (2018) атты бес кітабы жарық көрсе, Алла ғұмыр берсе баспаға дайындалып жатқан «Тағдырымнан тамған тамшылар» жинағы болашақта жарық көрмек.
Ақынның «Елім-жерім-тірегім», «Қан тамырым — Қара Ертісім», «Шіліктіге жыр сәлем», «Алтай», «Сары терек», « Қайдасың, қайда сол жылдар», «Түнгі вальс» тағы басқа өлеңдеріне аудандық мәдениет үйінің әншісі Мұратхан Донбаев ән жазған.
Әбетхан аға, өлеңдерінде тек туған жерге деген сағынышы емес, қалай көркейтеміз деген мақсатта ой тастайтын толғау өлеңдері бар. Мысалы: «Ақарал деген бар ма ауыл? » — деген өлеңінде осыдан 200 жыл бұрын өткен Қалит болыс тарттырған тоғанын жаңғыртып, сол өңірге су жеткізу арқылы ауыл шаруашылығының көптеген жетістікке жетуге болатыны жайлы ой қозғайды. Айта берсе осындай Зайсан ауданын көркейтейін дегегн мақсаттағы толғаулары көп.
Жоғарыда атап өткендей, ағаның қажырлы еңбегін айта отырып, кітапханамызда 70 –жылдық мерейтой аясында ұйымдастырылған кітап көрмесіне ақынның әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары: «Айжарық ғұмыр кештім мен…», «Ізгілік ізімен», «Заман-ұзақ, өмір-шақ», «Өмірден өлең іздеймін», «Жатсынба жарық дүние», «Зайсанды ән-күйімен әлдилеген»; естелік фотоальбомдары, баспасөз беттеріне жарияланған мақалалар қойылды.
Байқап отырсақ, ақын осы жетпісіне дейінгі жетістігі мақтауға тұрарлықтай. Негізі осының бәрі көп жылғы қажырлы еңбегі мен ізденісінің жемісі.
Жеке қызмет көрсету бөлімі