News & Events
«Көк тудың желбірегені» әні — жастардың патриоттық ұраны
- 25.01.2019
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Қаңтар айының 25-ші жұлдызы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада, «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының кезекті отырысында ақын, ҚР-ның Мәдениет қайраткері , еліміздің екінші әнұранына айналған «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы (сөзін жазған) Алмас Ахметбекұлының шығармашылық кеші өтті. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылы болып жарияланды. Ағымдағы жылы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада өткізілетін іс-шаралар аталған Жастар жылы аясында өткізуге бағытталған. Кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, ақын шығармашылығын насихаттау болған. Іс шараға «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшелері жазушы-публицист Талғат Айтбайұлы, Оралхан Бөкеевтың қарындасы, ақын Әбетқан Тоқтаған, өнерпаз Төлеген Бердіханұлы, Айша Садырбаева, Әл — Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 3 курс студенттері, кітапхана оқырмандары, кітапхана қызметкерлері қатысты. Кешті «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшесі, дәстүрлі әнші Бауыржан Құмарбек: «Қалдырмай ескерусіз бір ісінде,
Талантты бағалаңдар тірісінде,
Кейде біз ондайлардың жасы түгіл,
Келеміз қадірлемей ірісін де», — деп Қадыр Мырза Әлінің өлең жолдарымен бастап, келген қауымды ақын шығармашылығымен таныстырып, ақынға сөз кезегін берді. Ақын «Көк тудың желбірегені» әнінің шығу тарихына тоқталғанда, жан тебіренісін жасыра алмады.
«Көк тудың желбірегені» әні — сағымды сағынышқа толы, жанды тебірентіп, рухты оятатын нағыз патриоттық ән. Ол арнайы тапсырыспен жазылған ән емес. Ол атамекенге деген ыстық сағыныш пен бойдағы елжандылықтан туған ән. Тарихи отанына жете алмай жүрген өзге елдердегі қазақ бауырлардың жүрегінің лүпіліндей естілетін ән авторы Ермұрат Зейіпхан. Ал сөзін ақын Алмас Ахметбекұлы жазған. Екеуі де Қытайдан елге оралған қандастар.
Әуелі «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзі дүниеге келген. 1992 жылдың 22 мамырында Алматыда тәуелсіз елдің көк туы қабылданады. Бұл шара барлық арналардан тікелей эфирде көрсетіледі. Қытайдың Шәуешек деген мекенінде тұратын ақын Алмас Ахметбекұлы бір топ қазақ бауырлармен жиналып, теледидардан тамашалайды. Елбасы байрақты тізерлеп тұрып сүйгенде экран алдында отырған қандастар көз жастарына ерік береді.
Ақын өзі көк туды Қорғас шекарасынан елге өтіп келе жатқанда көреді. Самал жел соғып тұрғанда көк ту әуелеп, желбіреп тұрды. Сол кезде ақын жүрегі елжіреп, бойын ерекше бір сезім билеп, «Көк тудың желбірегені» деген өлең жолдары ойына келеді. Алматыға келген кезде өлеңнің қалған жолдары жазылады. Ол ақын-сазгер, опера әншісі Ермұрат Зейіпханұлына өлеңге ән жаз деп ұсыныс білдіреді. Сазгер әннің екі нұсқасын жазады. Ақын екеуін де тыңдап, ұнатқан нұсқасын қалдырады. Сөзін жазған ақынның өзі болса, әнін жазған Ермұрат Зейіпхан. Кешіміз арнайы ақынмен кездесуге келген студент жастардың Алмас Ахметбекұлына қойылған сұрақтарымен жалғасын тапты. Кеш барысында ақынды шығармашылық кешімен құттықтауға келген Асқар Төлеухан, Дархан Садыбаев, Төлеген Бердіханұлы сынды өнерпаз жастардың орындауында «Алтай», «Үш бақытым», « Марқакөл», «Алтайдың аржағынан келген ару», «Тарбағатай таулары», «Шығыстың Шолпан жұлдызы» әндері орындалса, жоғарыда аталған клуб мүшесі Айша Садырбаева Майлықожаның термесі «Насихатты» нақышына келтіре шырқады. Кітапхана қызметкері Болатхан Сыздықов Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлеңін оқыды. Сөз кезегін алған ақын «Оңашада», «Қайталау», «Тік жазу», «Отан үшін!», «Туған жерім-балалығым» және т.б. өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды. Кеш соңында жазушы-публицист Талғат Айтбайұлы, «Өнер-өрімдері» әдеби-мәдени клубының жетекшісі, ақын Әбетқан Тоқтаған Алмас Ахметбекұлына шығармашылық табыстар тілеп, кітапхана ұжымы атынан «Алғыс хат» тапсырылды.
Әлия Рахимжанова,
жеке қызмет көрсету бөлімі