News & Events
Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында кітапхана ұжымы график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің туғанына 115 жыл толуына орай Алматыдағы Әбілхан Қастеевтің мұражай- үйін тамашалады. Бізді қарсы алған суретшінің қызы Гүлдәрия Әбілханқызы Қастеева әкесі туралы естеліктерімен бөлісті. Қазақтан шыққан тұңғыш суретшінің мұражай-үйі 1958-1973-ші жылдары өзінің жанұясымен тұрған үйдің ішінен 2014 жылы ашылған екен. Көрмеден кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері «Ибрагимовтың портреті» Қағ., қарындаш 1947 жыл, А. Дәлденбаев Қағ., қарындаш 1942 жыл, «Ер адамның нобайы» Қағ., қарындаш 1935 жыл, «Мәскеу» Қағ., қарындаш 1935 жыл, Мұхтар Әуезовтің портреті Қағаз, акварель 1946 жыл, «Колхозшы С. Қисықовтың портреті» Қағ., қарындаш 1944 жыл, «Әйел портреті (ұлттық кестелі кимешек киген әйелдің портреті)» Қағ., акварель 1957 жыл, «Амангелдінің шабуылы» Қағ., акварель 1939 жыл, «Анамның портреті» Қағ., акварель 1949 жыл атты суретшінің әр жылдарда салған ең танымал туындылары мен графикалық жұмыстарын көрді. Сондай-ақ, көрмеге Әбілхан Қастеевтің фотосуреттері, құжаттары мен өзі пайдаланған жеке заттары да қойылған. Мұражай-үйдің ішінде көпшіліктің қызығушылығын тудырған жер — суретшінің жылдар бойы өзінің туындыларын салып, сызған шеберхана-бөлмесі. «Бұл тарихи үйде кезінде қаншама танымал тұлғалар, атақты суретшілер болмады десеңізші. Менің әкем табиғатынан өте қонақжай адам болатын. Біздің үйде бір мезетте үнемі екі-үш жерде қатар шай қайнап, тамақ істеліп жататын. Біз келген қонақтарды қуана-қуана күтіп жіберетінбіз», — деп еске алды үлкен қызы Гүлдәрия Қастеева. Г. Қастеева сондай-ақ бұл үйде қалалық зиялы қауым өкілдері сурет өнері, қала берді жалпы өнердің жайы мен болашағын талқылау үшін жиі бас қосып, әңгіме-дүкен құрып отыратындығын айтты. «Бұл үйге, әсіресе, Нұрғиса Тілендиев, Мартирос Сарьян, Сара Жиенқұловалар жиі келетінін, Рокуэлл Кент те болғанын айтты. Шара соңында арнайы дайындалған астан дәм таттық. Музейге сапар оқырмандарға рухани азық, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Өнер және спорт
әдебиеттері бөлімі