News & Events
Ағымдағы жылы қаңтар айының 18-ші жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың жеке қызмет көрсету бөлімі жанынан құрылған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубы аясында Мәдениет саласының үздігі, Қазақ Зағиптар Қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының, Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі ақын Әбетқан Тоқтағанның 70 жылдық мерейтойына орай «Жаны жайсаң – жан аға» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.
Аталған кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз ақынның өмір жолына шолу жасай отырып, өлеңмен өрнектелеген өнегелі өміріне терең бойлау арқылы жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу, ана тілі мен мәдениетін жете біліп, поэзияны қастерлеуге, сүйіп оқуға бейімдеу, ақын өмірін насихаттау болған.
Әбетқан Тоқтаған өзінің саналы ғұмырын өнер дейтін, өлең дейтін рухани әлемге арнаған, бал балалық шағын, дәуренді жастығын туған жері — Зайсанда өткізген, бүгінде Алматыдан сағынышты жырларын арнап жүрген ағамыз жеті белес- жетпіске жетіп отыр.
Іс шара барысында жасақталған кітап көрмесіне ақынның әр жылдары жарық көрген «Айжарық ғұмыр кештім мен» «Ізгілік ізімен», «Заман — ұзақ, өмір-шақ», «Өмірден өлең іздеймін», «Зайсанды ән-күймен әлдилеген» жыр жинақтарымен естелік фотоальбомдары, баспасөз беттеріне жарияланған мақалалар қойылды.
Кешті «Өнер-өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшесі, дәстүрлі әнші Бауыржан Құмарбек жүргізді. Бауыржан ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына тоқталып, Әбетқан Тоқтағанның сөзіне жазылған «Сағындырған Cарытерек» әнін орындады.
Мерейтой иесін кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы, Алматы қаласы «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы филиалының төрайымы Қоңырбаева Кабира Сағидолдаевна, режиссер, Мәдениет қайраткері Қаза
қ соқырлар қоғамына қарасты Мәдениет үйінде зағип жандардың мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Әділханов Ғазизхан Ыбрайханұлы құттықтап, ақынға шығармашылық табыстар тіледі.
Кеште публицист — жазушы Талғат Айтбайұлы, ақын Болат Шарахымбай, күйші, сазгер Талап Қараш, көптеген шетел ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударған, Абай атындағы халықаралық «Шығыс шынары» жыр мүшайрасының Алтын медалін екі рет иеленген ақын Зейнолла Тілеужанұлы жырдан шашу шашып, ақын Әбетқан Тоқтағанға деген ыстық лебіздерін білдірді. Айша Садырбаева «Гүлдерайым», Назым Момбекованың орындауында «Гүлдариға» әндері орындалып, Талап Қараш «Тарбағатай» күйін көпшілікке тарту етті.
Байқап отырсақ, ақынның осы жетпісіне дейінгі жетістігі мақтауға тұрарлықтай. Негізі осының бәрі ақынның көп жылғы қажырлы еңбегі мен ізденісінің жемісі демекпіз.
Алия Рахымжанова,
жеке қызмет көрсету бөлімі