News & Events
Қазақстан – түркі халықтарының қара шаңырағы
- 16.01.2019
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Зағип және нашар көретін азаматтарға
арналған республикалық кітапханада
Өткен дөңгелек үстел
Халқымыздың мәдениеті мен тарихына қатысты бұрын да мемлекеттік бағдарламалар болды. Алғашқысы – Мәдени мұра. Дүние жүзінің бірқатар елдерінің мұрағаттарынан қазақ тарихына қатысты құжаттар әкелінді, бай фольклорымыз жинақталып, «Бабалар сөзінің» 100 томдығы шықты, археолгиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Екінші көтерілген мәселе – «Рухани жаңғыру» — қазақ тұрмысына өте қажет еді. Қазір мемлекеттік бағдарлама ретінде жүзеге асырылып жатқан бұл мақала өзімізді танудың тың соқпағы.
Мәңгілік таусылмайтын ұрпақ тәрбиесі.
«Ұлы даланың жеті қыры» – біздің тарихымызға әлем назарын аударып, оны әлемдік деңгейде насихаттаудың амалдары, — деп бастады кіріспе сөзін дөңгелек үстел жүргізушісі, кітапханадан шығатын «РБНСГ – Вести» газетінің редакторы — Нұрлан Әбдібек.
Кітапхана директоры Асхат Байұзақов:
Мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жазылу себебі туралы айтқанда, алдымен мына мәселелер төңірегіне тоқталар едім.
Бірінші — Қазақтың тіпті бүкіл түркі баласының тарихын зерттеу мәселесі әлемдік ғылым деңгейінде ешқашан күн талабына қойылған емес. Қазақ — Еуропа, Үнді, Қытай секілді көнеден келе жатқан тарихы бар халық. Бұл тарих әлі күнге дейін жүйелі зерттелмеді, хатқа түспеді. Мұның басты себебі, адамзат баласының тарихын жазып зерттеуді Еуропа өз қолына алып, кез келген тарихқа Еуропалық түсінік пен таным тұрғысынан қарады. Мұны ғылымда «Еуроцентризм» деп айтады. Олар өздерінің түсінігіне сай келетін тарихты өркениеттілер, олардың мүддесіне жатпайтын тарихты жабайылар деп таныды. Соның бір салдары кеше кеңестік заманда қазақ тарихы пышақтың қырындай ғана болып, біз Еуропа мен орыс тарихын оқуға мәжбүр болдық.
Зағип ақын Әбетхан Тоқтаған:
Елбасы бұл мақаласы ең алдымен сананы қайта жаңғыртуға арналған. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл мақаланы жазуға мүмкін емес болды. Себебі, ол кезде Тәуелсіз Қазақстанды ешкім біле бермеді. Оның болашағына сене бермеді. Қазақтың тарихына шынайы көзақараспен қарауды талап етудің заманы енді келді.Мәселен, тарихын жете меңгерген ұрпақ өзінің ұлттық болмысынан ешқашан ажырамайды. Көптеген қазақтар орыстанып кетті. Орысша сөйлейді, орысша өмір сүреді, орысша ойлайды. Олардың бәрі болмаса да басым көпшілігі қазақ ретінде санымызды көбейткенімен қазақтың ұлттық болмысын қалыптастыруға қатыса алмай отыр.
Нұрлан Әбдібек:
«Мәдени мұра» – өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлттың табиғи болмысын іздеудің даңғыл жолы дер едім. Ал мына «Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақ өзінің арғы тегін, бабаларының өркениетке қосқан үлесін әлемге паш ететін құбылыс.Ал енді осы жеті қырдың әр қайсысына жеке тоқталып өтсек. Әңгімеге араласып отырыңыздар.
Асхат Байұзақов:
Ұлы даладағы алғашқы протомемлекеттер, онда өмір сүрген ру-тайпалар, одан кейін тарих сахнасына шыққан Сақатардың бүгінгі қазақтармен арақатынасы туралы антрополог ағамыз Оразақ Смағұлов осыдан мыңдаған жылдар бұрын өірден өткен адамдардың алақан бедерлерінің бүгінгі қазақтармен 30 пайыз ұқсастығын әлемдік конференцияларда дәлелдеп берді. Яғни, адам әр мың жылда отыз пайыз өзгеріске түсетінін еске алсақ, қазақ осы ұлы далада 4 мың жылдан бері мекендеп келе жатыр. Бұл мәселеге Елбасы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт атты кіріспе бөлімінде тоқталып отыр.
Кітапхана директорының орынбасары Мақсұт Тайынұлы:
Елбасы келтірген мысалдардың бәрі біздің мәдени жетістігіміз, түркінің ортақ тарихы. Бұл жетістіктер бізге, бабаларымызға сырттан енген жоқ. Біз арқылы, әлемдік өркениетке қосылып отырған үлес.
Нұрлан Әбдібек: Жеті қырда бірінші көтерілген мәселе — Атқа міну мәдениеті. Тарпаңға алғаш тақым тигізген біздің бабаларымыз. Әлемдік ғылымға бұл құбылыс «Ботай» мәдениеті деген атпен енді. Жылқыны қолға үйретуде, бүгінде адамзат өркениеті пайдаланып жүрген бірқатар игіліктерді атауға болады. Атқа мінген қазақ тақым қажалмау үшін бұтындағы көйлекті екіге бөліп, алғаш шалбар киді. Етіктің түпнұсқасы осы кезде ұлы далада ойлап табылды. Автокөлік қозғалтқышы бүгін аттың күшімен есептеледі.
Композитор, кітапхана ардагері Мүбарак Шәкір:
«Өз заманында жылқының қолға үйретілуі қазіргі космосты игеріп жатқан технологияман пара-пар» — деп жүр ғалымдар. Үзеңгі ойлап табылған соң салт атты жауынгердің күш-қуаты да артты. Шынында, атты әскерге қол жеткеннен кейін бабаларымыз құдіретті қағанаттар құрды. Қуса жетті. Қашса құтылды. Алысты жақындатты. Бұл әлемдік өркениетке қосылған айырықша үлес болды. Ат үстінде келе жатып садақ тартты. Қолына өткір қылыш ұстады. Қару жарақ жасау далада ежелгі металлургияның пайда болып, өзінің даму шыңына жеткенін де ғалымдарымыз жан-жақты дәлелдеді.
Әбетхан Тоқтаған:
Иә, Арқа жерінде алғашқы домнапештер пайда болып, әлемде алғаш рет темір өндіруге қол жеткізген де біздің бабаларымыз ғой. Темір өндіру әскердің күшіне қуат қосып оны құдіреттендіріп жіберді. Түркілер, мыспен қаруланған өзге елдердің әскерін темір құрсауға алғаны да тарихи шындық. Бабаларымыз метеллургияны тек қару жарақ жасау үшін ғана емес, тұрмыстың сан-саласында пйдаланды. Осыдан келіп әлемді таңдай қақтырған Аң стилі тарих сахнасына шықты.
Асхат Байұзақов:Аң стилі — феномен. Көшпенділердің жан-жануарларды бейнелеуде алтынмен әшкейлеп жасаған заттары металл өңдеудің күрделі технологиясын меңгергендігін көрсетеді. Мәселен, Алматы облысынан табылған «Жалаулы алтыны» ішінде мынадай бір қызықты сюжет бар. Түн. Аспанда жұлдыздар. Жусап жатқан бұғылар. Шетінде қарауылда тұрған теке. Үлкейткіш құралмен қарағанда жусап жатқан жануарлардың көзі түнде жанып тұрғаны көрінген. Яғни, Аң стилі өзінің кезінде көріністі образды берумен де металл өңдеумен де әлі де өзіндік орны бар өнер екені әлемде мойындалған құбылыс. Ал енді осы өнердің шыңы ретінде Алтын адамды айтуға болады.
Нұрлан Әбдібек:
Асхат, дұрыс айтасың. Алтын адам алғаш Есік қорғанынан табылды. Қазір Қазақстанның әр түкпірінен табылған алтын адамның бірнешеуі қайта қалпына келтірілді. Өз басым Шығыс Қазақстаннан табылған «Үржар ханшайымын» қазуға деректі фильм жасау мақсатымен қатысқан едім. Қазақтың даласы ғажайыптарға толы. Қазған жеріңнен алтын адам шығады… Және алтын адамның жанынан табылған тостағанды айтсаңшы. Әлемдегі көне жазу. Әрине, біз бұл жазуды кейін жоғалтып алдық. Біздің жоғалтқанымыз көп қой…
Әбетхан Тоқтаған:
Мен өзім Шығыс қазақстанда, Зайсан жерінде туып өстім. Бүкіл түркі баласының алғашқы қонысы Алтай жері дегенде, мені мақтаныш сезім баурайды. Берел қорғанының бір өзі неге тұрады? Біздің түп аталарымыз Алтайда алғаш темір өндіріпті. Біздің мыңжылдықтың басында осы Алтайда түркі қағанаттары пайда болды. Түркілер Алтайдан жан-жаққа тарады деген көзқарас бар. Орта ғасыр тарихында түркілер құрған мемлекеттердің алатын орны өте маңызды.Сол Алтайда қазақтар әлі тұрады. Ішкі Қытайдан жібек артқан керуендер Алтайды асып, Орта Азияға, одан әрі Еуропаға жеткен. Бұл жол – Жібек Жолы атанған.
Мүбарак Шәкір:
Әбеке, дұрыс айтасыз. Жібек жолы ғасырлар бойы Батыс пен Шығысты жалғастырған сауда қарым-қатынас жолы болды. Ортада ұлы дала жатты. Ұлы далада Жібек жолының мыңдаған соқпақтары болды. Яғни, біздің жерімізге осы Жібек жолы арқылы батыстың да шығыстың да мәдениеті келіп, біз арқылы оларға түркі даласының озық мәдени жетістіктерітарады. Қазіргі кезде Елбасының бастама көтеруімен Жібек жолын қайта тірілту мақсатын Қытай мен Ресей, сонымен қатар, көптеген батыс елдері қолдап, күре жол салынып бітті деуге болады.
Нұрлан Әбдібек: Кезінде Үнді мен Қытайға қатынайтын су жолы ашылып, Жібек жолы өз қызметін тоқтатқан еді. Жол бойындағы қалалардың барлығы жер астында қалды.
Мүбарак Шәкір: Ал, енді осы жол қайта тіріліп, су жолынан анағұрлым тез уақытты, мәселен, сумен қырықшақты тәулік жолды, он күнге азайтып отыр. Оның бер жағында Қазақстанның көліктік дәліз ретінде елімізге экономикалық жағынан шаш-етектен пайда түсірмек. Бұл не деген сөз. Бұл Қазақстанның Ұлы жібек жолы кезіндегі бет-беделі қайта өсіп, бүгінгі күн әлемдік маңызы бар сауда жолының бір тұтқасына қайта ие болдық деген сөз. Бұл Келешекте Қазақстанның халықаралық беделінің өсуі және қоржының майлануы деген сөз.
Мақсұт Тайынұлы:
Алатаудың бауыры дүние жүзіндегі, бүгінде тұқымы мыңға жеткен алманың тарихи отаны ретінде дәлелденіп отыр. Яғни, алманың генетикалық түрі, алманың атасы – сиверстің жабайы жабайы алма түрі әлі күнге дейін біздің тауларда өсіп тұр екен. Оны көрген шетелдік ғалымдар таң-тамаша қалып отыр. Кезінде Ұлы Жібек жолымен әлемге тараған. Қаламыздың Алматы атануы да тегін емес екен. Сонымен, Регел қызғалдақтары туралы да осыны айтар едік. Қазір Қазақтанда өсіп тұрған қызғалдақтардың 35 түрі әлемдегі үш мың тұқым қызғалдақтың басым көпшілігінің тегі саналады екен. Біздің алдымызда осы қызғалдақ пен алманы өзінің табиғи отанында заман талабына сай өсіріп баптап, дүниежүзілік нарыққа шығару міндеті тұр. Онда әлемге тарататын Жібек жолы да қайта тіріледі. Мұның бәрі бүгінгі жастарды әлем нарығына бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуді аға ұрпақтың алдына міндеттеп отыр.
Асхат Байұзақов:
Елбасы таңдап алған ұлы даланың жеті қыры бүгінгі қазақстандықтардың тарихи санасын қайта жаңғыртуы тиіс. Ол үшін қандай нақты іс-қимыл қажет десеңіз, осы мақалада оның орындалу жолдары да көрсетілген. Ол үшін алдымен төмендегі ірі жобаларды игеруіміз қажет.
Бірінші –жеті жылдық «Архив – 2025» аясында ауқымды жұмыстар атқару мәселесі тұр.Бұл бағдарлама неге қабылданбады дегенде, қазақ тарихында бабаларымыз туралы архивтік құжаттар ғылыми айналымға енбей жатуы түрткі болып отыр. Сонымен қатар, бұл бағдарламаны игеруде тарихшылардан, деректанушылардан, мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топ жұмыс істейтін болды. Олар шетел архивтерімен байланыста болуы шарт. Сонымен қатар, жинақталған құжаттар цифрлық формат арқылы көпшілік қауымға қолжетімді болуға тиіс. Отаншылдық тәрбие беруге бағытталған бұл жұмыстар мектеп оқулықтарына енгізілуі тиіс. Бұл бағдарламаның жұмыс ауқымы осындай.
Әбетхан Тоқтағанов:
Ұлы даланың жеті қырын әлемге таныту мәселесі бір ғана архив құжаттарымен шектелмейді. Мақалада «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген бөлім бар. Өзінің ата-бабалары арқылы сол кездегі халықтың мәдениетін, дүние танымын көрсететін – әлемдік үрдіс. Бізде, әлемге ұялмай мақтана алатын бабаларымыз бар. Мәселен, б.з.б. бірінші ғасырдағы Мөде қаған, одан кейінгі замандарда өткен Күлтегін, әл-Фараби, Қашқари, Қожа Ахмет Яссауилердің өмірі мен сол кездегі түркі халықтарының болмысы өзінің тарихи бағасын алды деп айта алмаймыз. Өзге түгілі өзіміз енді-енді танып жатырмыз. Тіпті, Елбасымыз бұл есімдерді әлемдік деңгейде насихаттау үшін шетелдік шығармашылық топтарды тарту ісін де ұсынып отыр.
Нұрлан Әбдібеков:
Осы мәселелерді қамти отырып, Елбасы: «Қазақстан – түркі халықтарының қасиетті қара шаңарағы» — дейді. Яғни, алдымызда біз өзімізді қара шаңырақты ұстап қалған ұлт ретінде жалпы түркі генезисін танып білу мақсаты тұр. Бұл жөнінде де мақалада нақты ұсыныстар айтылған. Мәселен, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасы, Астанада Түркі елдерінің дүниежүзілік конгресін өткізу, Түркі халықтарының мәдени күндерін өткізу және олардың ортақ туындыларының онлайн кітапханаларын ашу мәселесі де ұсынылды. Бізге тек білек сыбанып іске кірісу керек.
Мүбарак Шәкір:
Осы бағдарламлардың нәтижесі ретінде Елбасы «Ұлы даланың ежелгі өнері мен технологиялық музейін» ашуды жобалап отыр. Бұл мұражайда өз заманындағы озық үлгідегі өнер туындылары – аң стилі, алтын адамдар, қару-жарақтың не түрі, көсемдерімен бірге жерленген жылқылар – Қазақстан жерінен археологиялық қазбалардағы барлық құндылықтар осы музейдің төрінен орын алғалы тұр. Бұл өз кезегінде туристік жобалардың өркен жаюына ықпал ететін болады. Бүкіл әлемдік туристер осы кереметтерді көзімен көру үшін бізге келетін болады.
Асхат Байұзақов:
Бұл айтылып отырған заттар қолмен ұстап, көрер көзге арналған. Мақаладағы «дала фольклорының мың жылы» деп аталған бөлімге назар аударалық. Халқымыздың мыңдаған жылдық тарихы бар бай ауыз әдебиеті – ертегілер, аңыз әңгімелер, күйлер, әндер бүгінде жинақталып қалды. Елбасы осының барлығының басын қосып, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығаруды тапсырды.Бір ғажабы «Қорқыт» күйі оркестрмен бізде де, Түркияда да орындалады. Олар бізден кеткелі мың жыл болса да, күй екі елде де «әлі тірі». Алдағы уақытта жиналған көне мұраны цифрлық форматқа енгізу мәселесі тұр. Фольклордың тарихи ортақ белгілерін іздеу үшін түркі елдерінің барлығына жоспарлар ұйымдастыру қажет. Тіпті, Димаш Америка сахнасында халық әндерін орындағанда, оған қосыла айтып отырған шетелдік жанкүйерлерді көрдік. Бізге осындай талантты тұлғалар арқылы өнерімізді насихаттауға болады екен. Димаш шетел көрермендердің жүрегін жаулады, қазақ өнерінің шетелге насихаттауда таланттарды пайдалану жөн.
Кітапханашы -Алмас Қыстаубаев: Қазір үйдегі сәбилердің тілі теледидардағы мультфильмдерді көріп, орысша шығып жатыр. Бұл шаруаны мемлекеттік деңгейде қолға алып, түп тамырымыз туралы анимациялық фильмдер, ересек көрермендерге арналған көркемфильмдерді көптеп шығару да осы бағдарламаның орындалу жолдарының бірі. Көпшілікке ғылыми-деректі фильмдерден көрі көркем фильдер өтімді. Кинолардың басым көпшлігінде Еуропа елдерінің ата-бабалары айрықша батыр етіп көрсетіледі. Біз де осы үрдісті пайдалануымыз қажет. Кино – әлемнің назарын аударатын құрал болып табылады.
«Жігер» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымының президенті Фархат Юсупджанов: Осы мақалаға байланыста бірнеше тактикалық мәселелерді қозғап кетсем деймін. Осы көтерілген мәселелердің бізге – зағиптарға жеткізілу жолдары қарастырылса. Мәселен, алтын адам және басқа қазба құндылықтарының макеттері жасалса. Біз көре алмағандықтан, ол макеттерді қолмен ұстап сезінетін едік. Өкінішке орай, бұл тақырыптарға жиналған бай құжаттар бізге қолжетімсіз болып отыр. Осы жағдай, яғни, келешекте зағип азаматтарға түсінікті болатын жолдары қарастырылса. Содан кейін Елбасы көтерген энциклопедияға біз де атсалысар едік. Энциклопедияның брайль нұсқасы және сөйлейтін форматта шығарылса деген ойым бар.
Соқырлар қоғамы Алматы қаласы флиалының төрайымы — Кабира Сағидолдақызы:
Бұл мәселелерден бұрын да хабарымыз бар еді. Осы мақала арқылы бүкіл түркі әлемінің тарихы көз алдымыздан қайта бір өтіп шыққандай болды. Қазақтың қандай ұлы халық екеніне көзіміз жетті. Ендігі шаруа кез келген қазақстандық осынау адымды іске өз үлесін қосу керек.
Нұрлан Әбдібек: Дөңгелек үстелімізді қорыта келгенде, бұл еңбек «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы. Ұлттың өткені қашан да келешек ұрпақтың сұранысына ие. Осының бәрі келер ұрпақтың қамы. Қоғамда қазір тарихымыз жазылмай жатыр деген пессимистік көзқарас та жоқ емес. «Ұлы даланың жеті қыры» қазақ тарихын ұрпаққа жеткізудің даңғыл жолы дер едік.