News & Events
2018 жылы 16 қарашада Қазақ Зағиптар қоғамының Мәдениет үйінде Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі қайырымдылық концертін өткізді.
- 17.11.2018
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
2018 жылы 16 қарашада Қазақ Зағиптар қоғамының Мәдениет үйінде Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі қайырымдылық концертін өткізді. Концерт барысында күй атасы Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Кісен ашқан», «Кісен ашқан», «Серпер», «Көбік шашқан», «Айжан қыз» атты күйлері орындалды. Кештің көрермендері: Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың оқырмандары мен кітапхана қызметкерлері. Күй кешіне келген қонақтар күйшілердің өнеріне риза болды. Жұдырықтай жүрегіне күй жинаған өнер иесі Құрманғазы атамыздың өнеріне бас иді.
Құрманғазы Сағырбайұлы — қазақ халқының атақты күйші-композиторы, дәулескер домбырашы, 1818 жылы Бөкей Ордасының Жиделісінде (бүгінгі күні Батыс-Қазақстан облысының Жаңақала ауданында) өмірге келген. Жастайынан ол домбыраны жақсы көріп ойнай бастады. Музыкаға әуестігін әкесі Сағырбай құптамады. Ал анасы Алқа, жарқын мінезді, ықпалы күшті адам болған, ұлының музыкаға сүйіспеншілігін құптады, қамқорлық жасады. Алты жасынан Құрманғазы, жағдайдың тауқыметінен қозы баға бастады, бала кезінен өмірдің салмағын сезе бастады.
Ауылына келген күйшілердің домбырасын ол бар ынтасымен, зейінін салып тыңдап жүрген. Халық арасындағы күйшілердің ішінде ерекше орындаушылығымен Ұзақ-күйшінің орны бір бөлек болатын. Құрманғазының музыкаға қызығушылығын байқаған Ұзақ, оның үлкен болашағын болжаған. Он сегіз жасынан Құрманғазы ауылынан кетіп, Ұзақ-күйшіні ұстаз тұтып, онымен бірге ел аралап өнерін ұштады. Ұзақ ұстазымен қатар түрлі домбырашылардың сайыстарына қатысты, шеберлігін шыңдады, шебер домбырашылардың қатарына кірді, өзі де күй шығара бастады. Оның күйлерінде қазақ елі тарихының сұрапыл кезеңдері, өмір туралы толғаныстары, халықтың тойлары бейнеленді.
Алғашқы жарқ еткен күйлерінің ішінде «Кішкентай» күйінің орны бөлек. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған Жәңгір ханға қарсы халық көтерілісіне қатыспақшы болғанда, «сен әлі кішкентайсың»-деп қатарларына алмағанда, артынан көтеріліс орыс патша әскерлерінің көмектескен соң, аса қатыгездікпен шабылып, Исатай мен Махамбетті өлтіргенде шыққан күй делінеді күйшінің шәкірттерінің айтуынша. Өзін Исатайдың інісі ретінде санап, Құрманғазы осы күйде терең эпикалық ойлар мен күрестің драмалық тақырыбын, соңында терең қайғы мен батырларға жан азасы әуенін келтірген.
Құрманғазының өмірі бірқалыпты болмады. Байлар мен билік басындағылардың ырқына көнбеді, айтқандарымен жүрмеді, көп қуғын-сүргінді басынан өткізді, абақтыға да қамалды. Туған жерінен жырақта жылдар бойы басын сауғалауға мәжбүр болды.
Күйлерінің басым бөлігін екпінді мінезділік, шапшаңдық, домбыра дауысының басынан аяғына дейін пайдаланатын кең ауқымдылық ерекшелейді. Күйшінің өнері, шығармашылығында осы өңірде басты тақырып болған батырлық тақырыпты шеберлікпен дамытып бейнелегендіктен — батысқазақстандық домбыра мектебінің шыңы есептеледі.
Әйткенмен, Құрманғазы күйлерін қандай тақырыптармен шығарғанмен, олар адам сезімдерінің сан-алуан реңін келтіреді – қуанышты да, қайғыны да, өмір иірімдеріне толғаныстары мен жұбанышын да, сүйінішін, күйінішін де, жан дүниесінің толқуларын жеткізе алды. Оның өзіндік орындаушылығы, өзінің халықтық домбыра мектебі қалыптасты.
Құрманғазының шығармашылық шыңы «Сары-Арқа» болды. Күй қазақтың кең даласын, әсем табиғатын, арғымақтардың шабысын, кеңпейіл қазақ халқының мінезін суреттейді. Домбыра ойнау шеберлігінің ерекше әдістерін оның шәкірттері мен ізбасарлары жалғастырды. Олардың ішінде Мәйен, Көкбала, Дина Нүрпейісқызы, Ерғали Есжанұлы және тағы басқалар болды. «Кішкентай», «Төремұрат», «Адай» күйлері батыр мінезді адамдарды суреттесе, «Қайран шешем», «Қызыл қайың», «Кісен ашқан» күйлері күйшінің өз өмірінің жағдайларын бейнелеген.
1880 жылы Құрманғазы Астрахань маңындағы Сахмада қоныстанады. Өмірлік тәжірибе жинаған, халық арасында сыйлы ақсақал абыройына жеткен Құрманғазы маңайына орындаушылық өнердегі ізбасарларын жинады, олар — Мәйен, Көкбала, Дина Нүрпейісқызы, Ерғали Есжанұлы. Ал халық ішінде кең танымал домбырашылар – Менетай, Меңқара, Сүгірәлі, Торғайбай, Шора да өздерін Құрманғазыны ұстаз тұтқан.
Құрманғазының халықтық домбыра мектебінің дәстүрін сақтаушылары, күйшінің келесі буындары болды, біздің кезімізге композитордың мол мұрасын сақтап жеткізген. Күйшінің бай мұрасы (қазір алпыстан астам күйлері белгілі) Қазақстан композиторларының опера, симфония, аспаптар, ән-хор, фортепиано шығармаларында пайдаланады.
Құрманғазы күйлерінің негізгі сақтаушыларының бірі, Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы.
Құрманғазы Сағырбайұлы 1889 жылы дүниеден өтті, бүгіндері Ресейдің Астрахан облысының Володар ауданындағы Алтынжар аулында жерленген.
Гүлназ Даржанова,
Өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің меңгерушісі