News & Events
Алматыда модернист-жазушының 80 жылдығы атап өтілді
- 26.12.2018
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
24 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жазушы, сыншы-драматург Асқар Сүлейменовке арналған салтанатты еске алу кеші өтті.
Еліміздің мәденитінің тарихи қарашаңырағы саналатын өнер ордасында жазушының шығармашылығын сүйіп оқитын оқырмандары, пікірлес, серіктестері және жастар жиналды. Көрермендер оның туындыларынан үзінділерді, жеке орындауындағы туындыларды, кинофильмдер фрагменттерін асқан ықыласпен тыңдады. Еске алу кешінің жүргізушісі, режиссёр әрі қоюшысы режиссер, сценарист, әртіс, тележурналист, продюсер, музыкант Али Шер Сүлеймен болды.
«Бүгін біздің рухани ой еркіндігімізге, қазіргі таңда көзіміздің қарашығындай сақтап отырған Тәуелсіздігімізге жарық сыйлап келген және өнегелі өмірлерімен біздерге үлгі боларлық 60-жылдардың ұрпақтары отыр. 60-жылдардың тұлғаларына өнегелі қағидаларға негізделген тәрбие үшін алғыс айтқым келеді. Бұл өз кезегінде біздің елдегі жоғары мәдениеттіліктің, тәуелсіздіктің берік тұғырлығына әсер етті» — деп атап өтті Али Шер Сүлеймен.
Өткен ғасырдың ортасында жазушы-модернші Асқар Сүлейменов өз шығармашылығымен замандастарына үлкен әсер етті. Оның әдебиеті бостандыққа, тарихи тамырларды, ұлттық өзіндік ерекшелікті сақтап қалуға шақырды. Асқар Сүлейменовтың қалдырған мұрасында көптеген аудармалар бар. Оның еңбектерінің арқасында қазақтілді оқырмандар Эрнест Хемингуэй, Михаил Булгаков, Бертольд Брехт шығармаларымен таныса алды. Қазақстанның заманауи қазақ әдебиеті мен өнерін Асқар Сүлейменовтің шығармашылығынсыз елестету қиын.
Сондай-ақ, Али Шер Сүлеймен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетовтен келген құттықтау хаттарын оқып берді. Сахнаға Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры А. Қалиева, қызы Қ. Сүлейменова, Д. Жолжақсынов, жақындары мен туыстары, сондай-ақ Мұрат Әуезов, Өмірзақ Айтбаев, Ғаділбек Шалахметов шығып сөз сөйледі.
Кеш Асқар Сүлейменовтің сүйікті туындыларына негізделген концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисті Зарина Алтынбаева өнер көрсетті.
Естеріңізге салсақ, биыл көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің туғанына 80 жыл толуына орай іс-шаралар өтуде. 20 желтоқсан күні ҚР Ұлттық кітапханасында жазушы, әдебиет сыншысы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің 80 жылдық мерейтойына орай «Парасат Падишасы» атты еске алу кеші өтті. 2018 жылдың 23-желтоқсан күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында көрнекті «Асқар Сүлейменов және театр» көрмесінің ашылуы өтіп, жазушының «Адасқақ» циклі бойынша сахналанған «Біржанның соңғы әні» спектаклі қойылды.
Асқар Сүлейменов ұлттық рухани жаңғыруға, ойдың, өнердің түлеуіне үлкен үлес қосқан санаткер тұлға. Өз кезеңінің рухани көшбастарларының бірі болған ол қай жерде қызмет етсін мейлі, қашанда ұлттық мүддені ту етті. «Қазақфильм» киностудиясында оның сценарийімен «Адамдар мен арғымақтар», «Құлагер» фильмдері түсірілді, ол «Қыз Жібек» фильмінің редакторы ретінде көп жұмыс тындырды, М.Әуезов театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен жылдары ұлттық классиканың жаңаша интерпретациялануына үлес қосты.
Ұланғайыр білім иесі, халық әдебиеті мен салт-дәстүрдің, музыка мен жыр әлемінің, театр мен кино, бейнелеу өнерінің білгірі, сөз зергері А.Сүлейменов ел есінде. Оның есімі Түркістан облысының Созақ ауданындағы өзі оқыған және Сарыағаш қаласындағы мектепке, ал, 80 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласындағы бір көшеге берілді.
«Қазіргі таңда Асқар Сүлейменовтің рухани мұрасы – Қазақстанның қазіргі және өткен мәдениетінің арасындағы алтын көпір, рухани жаңғыруға ұмтылудың жарқын көрінісі» — деп қорытындылады Али Шер Сүлеймен.