News & Events
«Асқақтай бер, айбынды Қазақстан!»
- 14.12.2018
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Ағымдағы жылдың желтоқсан айының 14-ші жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан!» атты салтанатты кеш өтті. Кеш Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілді.
Іс-шараның мақсаты: Өз еліміздің сан мыңдаған жылдар бойы армандаған ерлігіміздің арқасында Егемендікке қол жеткізгені, найзаның ұшымен, еліміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасымен келген тарихымыздың бұл күні — Қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн екені туралы түсінік беру.
Салтанатты кеш Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды.Тәуелсіздік күні өз тағдырымыз бен болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен ұлы күн. Қанша уақыт өтседе ұрпақтарымыз ұлықтап өтетін ұлағатты күн! 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Бұл қазақ халқы үшін теңдесі жоқ қасиетті де қастерлі мереке. Қазақ халқының шежіресінде алтын әріппен жазылды. Бұл мереке күнтізбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына байланысты тұрақты түрде аталып өтіледі. Айтулы мерекеде кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы ұлық мерекемен құттықтап сөз сөйлеп, халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке екенін атап өтті. Тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз. Оның бір көрінісі желтоқсан оқиғасы. Желтоқсан оқиғасы өзінің қайсарлығымен, алға қойған мақсат-мұратымен, тіпті жіберілген кемшіліктерімен де әрбір адамның есінде мәңгі сақталады. Желтоқсан жаңғырығы көзден де, көңілден де кетер емес. Желтоқсан оқиғасына байланысты «Желтоқсандық жеті қыз» атты деректі фильм түсірген кинорежиссер, Алатау дәстүрлі өнер театрының «Мүгедектердің мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі» ҚР Мәдениет қайраткері Ғазизхан Ыбрайханұлы Әділханов көрермендерге өз туындысын ұсынды. Сол күндері осынау қанды алаңда болып оқиғаны көзімен көріп, жүрегінен өткізген Желтоқсан қаһармандарының арасындағы жеті қыз туралы айтылған деректі фильмді көпшілік тамашалады. Осы жүрек жарды қуанышқа толы мерекеде ақын, Мәдениет саласының үздігі, «Өнер өрімдері» әдеби мәдени клубының жетекшісі Әбетхан Тоқтаған «Кемеңгер ұлт Қазақстан» атты өлеңін оқып көпшілікті риза етті. Кеш соңы Тәуелсіздік мерекесіне арнайы дайындалған концертке ұласты. «Қаламқас» вокалды-аспаптар тобы «Қазақстан бақыты», «Бейбіт күн тілегі» әндерін, Қазақ қыздар педагогикалық университетінің студенті Талғат Аружан «Туған жер» әнін, Нұрмағамбетова Іңкәр «Толғау» әнін, Алматы облысы Қарасай ауданының әншісі Таңжарық Әкімзат «Елім менің», «Елге сапар» әндерін орындап, кешті әнмен жырға бөледі.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілеп, салтанатты кешіміз аяқталды.
Назым Момбекова,
Өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері