News & Events
Ағымдағы жылдың қараша айының онбесінші жұлдызында, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен 18 ғ. Жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл (1668-1781) толуына орай «Қазақтың ұлы жырауы» атты жыр кеш өтті. Қазақ тарихына үңіліп қарайтын болсақ, біздің халық тек малшы, аңшы жауынгер ғана болмаған, олар суретші, ақын, батыр, жырау болған. Дала халқының өмірі әрқашан ерекшеленіп тұрған. Солардың бірі ақындар шығармаларын суырып салма айтыспен жеткізуі.
Жырау ел ынтымағы татулығын өнегелей келе халықтың болашағына алаңдайды.
Бұқар жырау хан маңындағы батырлардың ерлігі мен асыл қасиеттерін жырлап елге үлгі өнеге еткен. Ол өз дәуіріндегі күрескер патриот, ел мүддесін тереңнен ойлаған атақты жыраулардың бірі саналады. Жыраулар билікке араласумен қатар, жорықтарға да қатысқан, әділетсіздікті өткір мінеп сынаған. Жыраулар ел ынтымағын, татулығын өнегелей келе, халықтың болашағына алаңдаған. Бұқар жыраудың жырлары адамгершілік пен ерлікті жырлап дәріптеп, өз дәуіріндегі халықтың рухын көтерген. Қазақ халқын және қазақ хандығын қалыптастыру кезеңінде халық арасында кең таралған шығармашылық өнер – жырау, сол заманды сөзбен суреттеген жыраулық өнер.
«Жігітке жеті өнерде аз» деген дана халқымыз. Жыр кешіне арнайы шақырылған Жетісу жерінен шыққан жыраулық шешендік өнерді жете меңгерген Әбіш Әділбеков Бұқар жырау жырларын орындап көпшіліктің ықыласына бөленді. Оның дауысы Астана қаласындағы Ұлттық кітапхана қорына жазылып, әлемнің 80-нен аса еліне тарады. Оның орындауындағы 33 жыр-терме Қазақ радиосының алтын қорына жазылып, телеарналардан берілді. Мұның ішінде 21 жыр термеге оған зияткерлік құқық берілді. Оның жырларының тереңдігі, ұшқырлығы, шешендігі, тілінің өткірлігі мен байлығы «Сөз өнерінің шебері» екенін көрсеткендей. Оның орындаған толғауларының үйлесімділігі, ырғақтарының өзгешелігі, теңеулерінің нақтылығы жыраулық талантының биіктігін дәлелдегендей. Сары далада, басын жел шайқаған жусан түбінде қалып, ұмыт болған жәдігерлеріміз қаншама. Әбіш солардың қатарына енді болмаса еніп кеткелі тұрған туындыларды іздеп тапты. Оның орындауында XVIII-XIX-XX ғасыр-үш ғасырдың жыры бар. Жұдырықтай жүрегіне ғасырлардың жырын жинаған өнер иесіне бас иеміз. Сабдалы, Саршуаш, Қаблиса, Құлмамбет, Көдек, Асан жырлары Әбіш Баймұхамедұлы арқылы халқымен қайта қауышты. Дәстүрлі өнердің ішінде жыр мен термені дәл осындай қанат қақтырған Әбіштің жолы шын мәнінде дара жол болып тұр, жыр кешіне келген қонақтар Әбіштің өнеріне риза болды. Кеш соңында Бұқар жырау жырларын керемет машықпен орындап жеткізгені үшін, жырау Әбіш Баймұхамедұлы Әділбековты кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы Байұзақов алғыс хатпен марапаттады.
Назым Момбекова,
Өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері