News & Events
Жуырда Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстанның маңдайына біткен талантты ұлы композитор, Қазақстанның халық артисі Әсет Бейсеуовтың туғанына 80 жыл толуына орай «Әсеттің әсем әндері-ай» атты әдеби-сазды кеш өтті. Еліміздің ән өнерінде көптің жүрегінде өзіндік ерекше орны бар өнер қайраткерлеріне қазақ кенде емес. Сондай ірі тұлғалардың қатарында аталатын Әсет Бейсеуовты еске алу кеші өтті.
Кездесуде Әсеттің өмірі мен шығармашылығы туралы тебірене сөз қозғағандар көп болды. Кешке арнайы келген қонақтар Қазақстан Республикасы халық әншісі Нұрғали Нүсіпжанов, Әсет Бейсеуовтың ұлы Данияр Бейсеуов, Қарғалы ауылынан келген әсеттанушы жазушы Қарабай Әбуов, режиссер күйші Талап Қараш, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылынан келген күйші-композитор Берік Бөкебаев болды. Өнер саңлағы Нұрғали Нүсіпжанов, Қарабай Әбуов, Талап Қараш жақсының жарқын тұлғасы, жасампаз әндері туралы жүрек жарды лебіздерін білдіріп Әсетін елжірей еске алды. Композитордың туған күніне орай өткізілген еске алу шарасының ең басты өрнегі «Ән Әсет» атты деректі фильм еді. Оның авторы әрі түсіруші режиссері, өнерпаз Талап Қараш. Әсеттің көзін көрген жандармен әнін орындаушылар арқылы өнер тұлғасының рухын көрермендер көңілінде жаңғыртуға ұмтылыпты. Көрген адамды жалықтырмайтын жинақы дүние сонысымен құнды. Бейне туындыны көрген жұртшылық ризашылық білдірді. Сахна шебері әнші композитор Берік Бөкебаев «Сырласу вальсі», тағы көптеген әндері сахна төрінде шырқалып көпшілік риза болып алғыс айтты.
Кеш соңында кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы Әсет Бейсеуовтың көзін көріп, әндерін орындаған қонақтарға алғыс айтып, бүгінде қандай кеш болсын мерекелі думанның көркін сөз жоқ, Әсет ағаның әні ашады деп сөзін аяқтады. Сөйтіп, ән сүйер қауым Әсетін есіне алды, қазақ аман болса, Әсеттің әндері де ешқашан ұмытылмақ емес. Кеш әсерлі де тартымды өтті. Кітапхана оқырмандары осы кешті ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыс айтты. Шараға барлығы 78 оқырман қатысты.
Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.
Назым Момбекова,
Өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері