News & Events
АШЫҚ ЕСІК КҮНДЕРІ
2018 жылдың 16-18 қазан күндері «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ Астана қаласының 20-жылдық мерекесіне орай «Ашық есік күндері» шарасын ұйымдастырды. Шараға Алматы қаласының Мәдениет және архив басқармасы, ҚР Ұлттық кітапханасы, көз аурулары ҚазҒЗИ өкілдері, «Алматы Алья нс» студенттер корпоративтік қоры, ЖОО студенттері және мектеп оқушылары келді. Ашық есік күндері кітапханаға келген қонақтар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы тифлокомплекспен жұмыс жасайтын зағип мамандардың жұмыс орнымен, Брайль дисплейі «super Vario80» және Брайль принтері «Index Braille box V4» тифлотехникалық құралдардың қолданылуы турасында мағлұматтар алды. Сонымен қатар, дыбыс жазу студиясының дыбыстандырылған «DAISY» стандартындағы кітаптарға қызығушылық танытып, дыбысталған кітаптардан үзінділер тыңдады. Бөлімдерге экскурсия жасау арқылы кітапхананың жалпы тыныс-тіршілігімен танысты. Кітапханада «Қазақстан Республикасының ескерткіштерінің тарихы және мәдениеті тактильді кітапта»; «Астана — халықтар бірлігінің Отаны»; «Біздің басылымдар»; сонымен қатар, DAISY, МР3 форматтағы аудио кітаптардан және тифлоқұралдардан жасақталған «Саусақ ұшындағы әлем» атты көрмелер арқылы Мәдени мұрамыз, Астана туралы республикадағы арнайы кітапханалардың үздік басылымдары мен кітапхананың нүктелі-бедерлі қаріптегі төл басылымдары насихатталды. Ашық есік күндері аясында кітапхана ұжымы Қазақ Соқырлар Қоғамы қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалымен бірлесе отырып, 15 қазан — Бүкіләлемдік «Ақ таяқ» күніне орай «Ақ таяқ» байқауын өткізді. Зағип және нашар көретін кітапхананың ересек оқырмандары мен арасында «Ақ таяқ» байқауы ересектер және мектеп оқушылары арасында:
- нүктелі-бедерлі қаріпте басылған кітаптарды оқу;
- бедерлі-графикалық құралдарды анықтау;
- Қазақстандық және шетел тиындарының бағамын анықтау бойынша үш бағытта өтті. Байқау нәтижесі бойынша, кім қай бағытта басым екендіктерін байқатты. «Ақ таяқ» байқауына «Алматы Альянс» студенттер корпоративтік қоры мен Қазақ Соқырлар Қоғамы қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалы демеушілік жасады. Кітапхана пайдаланушыларына арнайы Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Вениамин Алаев пен «Шаңырақ» қорының төрайымы, Алматы қаласы Маслихатының депутаты Ләззат Қалтаевамен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге кітапхана оқырмандары мен Қазақ соқырлар қоғамының төрайымы К.С. Конурбаева және қоғам мүшелері қатысты. Кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы орны, олар үшін кедергісіз орта: көлік, ақпараттық және коммуникациялық, әкімшілік және әлеуметтік маңызы бар мекемелер (теміржол вокзалдары, саябақтар) құру керектігі және тактильді жолдар жайында сұрақтар қойылып, пікір айтылды. Сонымен қатар, Құрмет белгісі орденді көз аурулары Қазақ ғылыми зерттеу институтының мамандарымен, тегін, кеңес алу шарасы өтті.
Шараның екінші күні Әл-Фараби атындағы Казақ Ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті студенттері және кітапхана оқырмандарының қатысуымен композитор Ә. Бейсеуовтың мерейтойына орай, «Әсеттің әсем әндері-ай» атты кеш өткізілді. Кешке ҚР халық әртісі Н. Нүсіпжанов, Әсет Бейсеуовтың ұлы Данияр Бейсеуов, әсеттанушы, жазушы Қарабай Әбуов, күйші Талап Қараш, композитор Берік Бөкебаевтар қонақ болып, Ә. Бейсеуов туралы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Ән Әсет» атты деректі фильм көрсетіліп, өнер майталмандарының лебіздері тыңдалды. Кітапхананың Кітап қорын сақтау және абонемент бөліміндегі электронды қорлар залында зағип және нашар көретін азаматтардан құралған «Спорт без границ» командасының капитаны Бахтияр Базарбековпен кездесу өтіп, үш күн бойы, Астана-Париж велошеруі жайында бейнебаян көрсетілді. «Ашық есік күндері» шарасының үшінші күні кітапхана ұжымы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанындағы Жолдауына орай вебинар өткізді. Вебинар барысында «Алматы Альянс» студенттер корпоративтік қоры өкілдері, Қазақ соқырлар қоғамы Алматы филиалының төрайымы К.С. Конурбаева және қоғам мүшелері, ҮЕҰ мүшелері, мектеп оқушылары және кітапхана оқырмандары Жолдауды онлайн режимде тыңдады. Аталмыш шараны кітапхана директоры А.Қ. Байузаков өзі жүргізіп, Жолдаудағы еліміздің басым даму бағыттарын анықтайтын құжаттың басты мәселелеріне тоқталып, реформалар мен Елбасының үкіметке қойған талаптарын, Қазақстан халқына жүктелген тапсырмаларын ұжымға түсінікті етіп жеткізді. Кездесу барысында кітапхана қонақтары мен оқырмандары Жолдауға байланысты өз ойларымен бөлісті. Ауқымды «Ашық есік күндері» шарасын қорытындылауда әуенді кеш ұйымдастырылып, кітапхана басшылығы Демеушілерге Алғыс хаттар тапсырды. Үш күнге жоспарланған шара Қазақ Соқырлар Қоғамына қарасты Мәдениет үйінің «Армандарстар» вокалды тобының концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Захра Маханова,
Баспасөз хатшысы.