News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада қазан айының 8-ші жұлдызында Қазақ Зағиптар Қоғамының Алматы қалалық Мәдениет үйінің өнерпазы, «Армандастар» вокалды-аспапты тобының, «Өнер өрімдері» әдеби, мәдени клубының мүшесі Ержан Дүйсембиевтің «Аспандай бер, ән-қанат!» атты шығармашылық кеші өтті.
Кештің мақсаты: Жас ерекшелігіне қарамастан барлық азаматтарға рухани-мәдени тәрбие бағытында қолдау көрсетіп, шығармашылық ізденістерге себепкер болу, жастарға болашаққа бағдар болатын ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Кешті Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», кітапхана жанынан құрылған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының жетекшісі — Әбетхан Тоқтаған жырдан шашу шашса, жоғарыда аталған клуб мүшесі, дәстүрлі әнші Бауыржан Құмарбек алғы сөзімен ашты.
Кеш барысында сегіз қырлы, бір сырлы кеш кейіпкері «Өз елім», «Аты жоқ көкек», «Қазақтай ел қайда» сондай-ақ домбыраның сүйемелдеуімен қырғыз, түрік тілдеріндегі әндерін ерекше шеберлікпен орындап берді.