News & Events
Қыркүйек айының 5-ші жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубы аясында, Қазақстан халқы тілдер күніне арналған «Үш бақыттың бірі — тіл» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Шара барысында «Ана тілім — ардағым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, тақырыптық слайд көрсетілді.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев 2017 жылдың 31 қазан күні «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 ҚР Үкіметінің қаулысына қол қойды. Бір қуантарлығы айтулы мерекелердің арасында Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болды.
Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн — «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы — тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болды.
Кешті кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы құттықтау сөзімен ашты.
Кеште «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының жетекшісі Әбетқан Тоқтағанов, ақын Зейнолла Тілеужанұлы тіл туралы өлеңдерін оқып, күйші, сазгер Талап Қараш жырдан шашу шашып, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақтаевқа арнаған күйін көпшілікке тарту етті.
Қазақстан халқы тілдер мерекесіне арналған кеш Қазақ зағиптар қоғамының өнерпаз жастарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Алия Рахымжанова, жеке қызмет көрсету бөлімі