News & Events
«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханалардың библиографиялық қызметі: практика, инновациялар және кәсіби даму» тақырыбында екі күндік онлайн-кәсіби практикум өтті
- 22.10.2026
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Арнайы кітапханалардың библиографиялық қызметі: практика, инновациялар және кәсіби даму
2026 жылғы 21–22 қазан күндері Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханалардың библиографиялық қызметі: практика, инновациялар және кәсіби даму» тақырыбында екі күндік онлайн-кәсіби практикум өткізді.
ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, облыстық және қалалық арнайы кітапханалары және ұжым қызметкерлері қатысқан практикум барысында арнайы кітапханалардың қазіргі библиографиялық қызметі, көру қабілеті бұзылған пайдаланушыларға анықтамалық-библиографиялық қызмет көрсету, өлкетану библиографиясы, библиографиялық құралдарды әзірлеу, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кәсіби қызметте қолдану мәселелері қарастырылды.
Практикум аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенті Гүлдана Оразбекқызы «Библиограф жұмысындағы жасанды интеллект: ақпаратты іздеу, библиографиялық өнім жасау және деректерді тексеру» тақырыбында презентация ұсынып, жасанды интеллектіні библиографиялық жұмыста қолдану мүмкіндіктерімен таныстырды.
Арнайы шақырылған спикер, жасанды интеллект зерттеушісі, IT-сарапшы, IT-ағартушы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Тимур Бектұр «Кітапхананың жұмысын шынымен не жақсартады?» тақырыбында сөз сөйлеп, кітапхана қызметін жетілдірудегі заманауи технологиялардың маңызына тоқталды.
Практикумның қорытынды кезеңінде қатысушылар арнайы кітапханалардың библиографиялық қызметін жетілдіруге бағытталған «Арнайы кітапхананың библиографиялық жұмысын жетілдіруге арналған менің шағын жобам» тақырыбында өз жобаларын әзірледі. Барлығы 65 адам қатысты. Қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар беріледі.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана еліміздің облыстық және қалалық арнайы кітапханаларына әдістемелік қолдау көрсететін орталық ретінде бұл іс-шараны Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімінің библиографы Сәулеш Назырованың ұйымдастыруымен өткізді. Техникалық қолдауды Автоматтандыру және техникалық қолдау бөлімінің жетекшісі Мұхтар Қабылбаев қамтамасыз етсе, ақпараттық сүйемелдеуді Гүлсая Сәтбай жүзеге асырды.
Практикум арнайы кітапханалардың библиографиялық қызметін жетілдіруге, кәсіби тәжірибе алмасуға және жаңа технологияларды жұмыс үдерісіне енгізуге бағытталған маңызды
кәсіби алаң болды.














