News & Events
Спорт күніне орай «Спорт – табыс бастауы» атты мотивациялық кездесу кеші өтті
- 21.08.2026
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Спорт – табыс бастауы
Ағымдағы жылдың 21 тамыз күні Қазақстандағы Спорт күніне орай кітапхананың «Жеке қызмет көрсету бөлімінде» «Спорт – табыс бастауы» атты мотивациялық кездесу кеші өтті.
Кештің басты қонағы – пара садақ атудан спорт шебері, I топтағы көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар Жазира Мүлкібекова.
Кездесудің мақсаты – мүгедектігі бар тұлғалардың спорттағы жетістіктерін насихаттау, жастарға үлгі көрсету және спортшылардың өмірлік тәжірибесі арқылы оқырмандарға рух беру.
Жазира Мүлкібекова 1988 жылы Алматы облысы Балқаш ауданындағы Балатопар ауылында дүниеге келген. Туа біткен глаукома диагнозына қарамастан, ол өмірдің түрлі сынақтарына мойымай, спорттан өз орнын тапты.
Ол 2017 жылы паравелоспортпен айналыса бастады. Алматы – Ыстықкөл марафонына қатысып, 2023 жылға дейін осы спорт түрімен шұғылданды. Жол апатынан кейін тізесінен жарақат алып, спорт бағытын өзгертуге мәжбүр болды. Осылайша пара садақ атуды таңдап, 2023 жылдан бастап кәсіби түрде жаттыға бастады.
Жазира – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Ол республикалық чемпионаттар мен спартакиадаларға, халықаралық спортшылармен достық кездесулерге тұрақты қатысып келеді. 2025 жылғы Қазақстан Республикасы спартакиадасында бастапқы кезеңде алтын, жеке сайыста күміс медаль иеленді. Ал 2026 жылғы Қазақстан Республикасы чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Кездесу барысында спортшы өзінің өмір жолы, спортқа келуі, жеңістері мен алға қойған мақсаттары туралы әңгімелеп, оқырман қауымды қандай қиындық болса да өз армандарынан бас тартпауға шақырды.
2025 жылы Жазира Мүлкібекованың өмірі мен тағдырына арналған Жүсіпбекова Эльвираның «Сенің ішіңдегі жарық» атты кітабы жарық көрген. Кітап – қайсарлық пен жігердің, арманға деген сенімнің жарқын үлгісі.
Шараға 36 оқырман қатысып, мазмұнды кездесу кешінің куәсі болды.
Спорт – тек жеңіс пен медаль емес, ол – табандылық, жігер және өз мүмкіндігіне сену. Жазира Мүлкібекованың өмір жолы – осының айқын дәлелі.
Гүлназ Даржанова, өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің басшысы








