News & Events
«Кітапхана – қоғамның көпфункцияналды, көпдеңгейлі әлеуметтік институты» атты БҮКІЛҚАЗАҚСТАНДЫҚ КІТАПХАНАШЫЛАР СЪЕЗІ
- 14/09/2018
- Posted by: RBNSG
- Category: News
Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында «Кітапхана – қоғамның көпфункцияналды, көпдеңгейлі әлеуметтік институты» тақырыбында Бүкілқазақстандық кітапханашылар съезі өтті..
Қыркүйек айының 13-14 күндеріне жоспарланған маңызды мәдени шараға еліміз өңірлерінен екі жүзге тарта кітапхана саласының мамандары келді. Кітапханашылар съезі республикадағы кітапхана саласының болашақтағы саясатын айқындайтын, жаңғыртатын және жаңаша серпін беретін маңызды мәдени оқиға болып табылады.
Қазақстан кітапханашылары 1998 жылдан кейін 20 жыл өте барлық жүйелер мен ведомстволардың кітапханалық қауымдастығының алғаш рет басын қосып отыр. Съезге отандық кітапхана саласы өкілдерімен қатар АҚШ, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б. мемлекеттер кітапханаларының мамандары қатысты.
Съездің ресми бөлімі Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, ақын Олжас Сүлейменов, ғалым Әбсаттар Дербісәлі, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Ресей мемлекеттік кітапханасының директоры В.В.Дуда Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов, ЮНЕСКО өкілдері, т.б. сөз сөйлеп, кітапхананың қоғамдағы рөліне қатысты маңызды мәселелерді ортаға салды.
Бүкілқазақстандық съезд – түрлі аймақтық деңгейдегі көпшілік кітапханалардың, ғылыми, техникалық, жоғары оқу орындарының және мектеп кітапханаларының мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес серіктестік және ұқсас ұйымдардың еліміздегі кітапхана ісінің мәселелерін сапалы шешу, республикадағы кітапхана қорын цифрландыру жолдары, ақпараттың қолжетімділігін заңнамалық қамтамасыз ету және басқа да өзара іс-қимылдарды талқылайтын, ресурстар мен мүмкіндіктерді біріктіретін кәсіби диалог алаңы ретінде тақырыптарына байланысты V секцияда жалғасын тапты.
I-секция – «Қазақстанның цифрландыру контекстіндегі кітапханалар» тақырыбына арналды. I-секция модераторлары ҚР ҰК директорының кітапханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Б.К. Оспанова, Б.Н. Ельцин атындағы Президенттік кітапхананың ақпарттық ресурстар жөніндегі директоры Е.Д. Жабко. II-секция – «Замануи кітапханалар: дәстүр және жаңашылдық». Модератор ҚР Ұлттық кітапханасы директорының ғылым жөніндегі орынбасары А.Х. Юсупова. III-ші секция – «Тәрбие және білім беру» кітапханалардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы кітапханалардың рөлі». Модератор: ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық ғылыми педагогикалық кітапханасының ғылым-әдістемелік бөлімшесінің жетекшісі А.Б. Емишова. IV-секция – «Қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің жұмыстарымен таныстыру». Модератор: қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің жетекшісі Б.Ш. Сәрсенбаева. V-ші секцияда «Қазақстанның арнайы кітапханаларының сандық ортаға шоғырлануы және дамудың заманауи форматтары» тақырыбы бойынша Республикадағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өкілдері бас қосты. Секция жұмысының модераторы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасының директоры А. Байузаков болды.
Съезд шеңберінде: кітапхана директорларының отырысы, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды, кітапхана саласының жетекші шетелдік мамандарының қатысуымен фокус-тренингтер, шеберлік-сыныптары, тәжірибелік сабақтар, Астана және Ақмола облыстарының кітапхана қауымдастығымен мерекелік – онлайн-кездесуі өткізілді. Съезд барысында ҚР ҰК директорының орынбасары А.Юсупованың модераторлығымен ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросы коммуникация және ақпарат бөлімінің жетекшісі С.М. Карпов «Әлеуметтік медиа мектебі. Ақпаратқа ашық қолжетімділік» тақырыбында баяндама жасады.
Екі күнге жоспарланған Бүкілқазақстандық кітапханашылар съезі жоғары деңгейде өткізілді. Съезд қорытындысын ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ж.Сейдуманов пен директордың ғылым жөніндегі орынбасары А.Юсупова қорытындылады. Шара соңында режиссер, сценарист, публицист, ҚР Кинематографистер одағы басқармасының төрағасы Е.Тұрсыновпен кездесу өтті.
Маханова З.А.,
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған
республикалық кітапхананың баспасөз хатшысы.