ӨНЕР ЖӘНЕ СПОРТ ӘДЕБИЕТТЕРІ БӨЛІМІ

Өнер және спорт әдебиеттері бөлімі 1990 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда 4 қызметкер штаттық кесте, 2 қызметкер келісім-шарт бойынша жұмыс атқарады.  Жалпы 300-ден астам оқырмандарға, оның ішінде көз мүгедегі бар азаматтар мен олардың жанұя мүшелеріне, көретін азаматтарға, кітапхананың басқа да бөлім қызметкерлеріне, Қазақ зағиптар қоғамының қызметкерлеріне, жалпы кітап дүниесімен кіндігі бір қауым өкілдерінің баршасына сапалы да мәдениетті қызмет үлгісін көрсетіп келеді. Мұнда негізінен 20 мыңнан астам өнер және спорт әдебиеттері жинақталған. Оның ішінде нүктелі-бедерлі қарпімен жазылған әдебиеттер, жайпақ баспа қарпімен жазылған әдебиеттер, электрондық кітаптар, электрондық ән-жинақтар, аудиотаспалар, бейнетаспалар, грампластинкалар және бедерлі-графикалық құралдар (бедерлі суреттер, сызбалар және географиялық карталар) бар. Нашар көретін оқырмандарға жайпақ баспа қарпіндегі әдебиеттерді бөлім қызметкерлері дауыстап оқып береді.

Оқырмандар кітап оқумен қатар, бөлімдегі барлық техникалық құралдарды пайдалана алады, атап айтсақ: DVD – караоке (500 қазақша әндер мен 4000 басқа тілдегі әндер), грампластинка ойнататын құрал, домбыра, баян, фортепиано сынды аспаптар, түрлі магнитофондар. Сонымен қатар, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ интелектуалды ойындарымен шұғылданатын оқырмандарымыз бар, «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деп Елбасымыз айтқандай қазіргі жаһандану заманында жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, спортпен айналысуына ерекше көңіл бөлінуде, соның арқасында көптеген жастарымыз спортпен шұғылдануда. Біздің кітапханамыз да осындай спортқа жақын жастармен мақтана алады. Жастар арасында шахмат интелектуалды ойыны бойынша: Бостан Ә., Болат Ж., Өтешов А., Устименко С., Көсемісов Е., Жүнісбекова А. жүлделі орындардан көрініп жүрсе, дойбы интелектуалды ойынымен шұғылданатын Маханова З.Ә., Белокрылов Н.В., Никифоров Г.А., Терехова З.А., Құрманбеков М.И., Медьяров Р.З. сияқты оқырмандарымызбен мақтанамыз.

Нүсіпбаева З.М. тоғызқұмалақтан спорт шебері болса, кітапхана директорының орынбасары Жұмабеков М.Т. шахматтан спорт шебері, кітапхана оқырманы Бибиков Ю.В. шахматтан спорт шебері.

Өнер және спорт әдебиеттері бөлімінде көпшілік шаралар: Қазақстан Республикасының атаулы күндері, дауыстап оқу сағаттары, әуенді дәрістер, концерттер, әдеби-музыкалық кештер, шығармашылық кездесулар, еске алу кештері, музейлерге сапар, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сайыстары өткізіліп тұрады.