«Наурыз – думан»

Post Title

«Наурыз – думан»

Ағымдағы жылдың наурыз айының 20-шы  жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына орай «Наурыз-думан» атты іс-шара өтті. Іс-шараға көмектес қайырымдылық қорының төрағасы Александр Филиппович Сапелкин мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкір Мүбәрак Ақмалұлы және де кітапхана қызметкерлері қатысты.

Салауатты өмірдің салтанаты, күн мен түн теңелген баршаға арман мен адалдық, құштарлық пен сұлулық, тазалық пен татулық сыйлаған Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, – деп бастады кеш жүргізушілері Бұланбаев Досжан мен Құсайынова Меруерт.  Тарихи  тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз дана халқымызға қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі болған. Біздің ата-бабаларымыз осы  мейрамды жаңару, жақсылық пен берекенің бастауы деп білген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу.» - деген еді.

   Іс-шарада кітапхана қызметкері Момбекова Назым «Наурыз-думан» әнін орындады. Кітапхана қызметкерлері  қазағымыздың салт-дәстүрін сахналап,  көрініс ретінде көпшілік назарына ұсынды. Жеке қызмет көрсету бөлімі «Құрсақ шашу» салтын,  Кітап қорын сақтау және абонемент бөлімі «Нәрестені қырқынан шығару» дәстүрін, «Тұсау кесу» дәстүрін өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкерлері, «Құйрық, бауыр асату» дәстүрін Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімі, «Қонақ кәде» салт-дәстүрін Кітап қорын толықтыру, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімі көрсетті. Іс-шара соңында қазағымыздың салт-дәстүрін көрсеткен кітапхана қызметкелеріне алғыс хаттар тапсырылды. 

Наурыз мейрамында  «Іле сазы» балалар мен жасөспірімдер ансамблі де, белсене қатысып, өз  өнерлерін көрсетті. Нургалиева Гулназ халық әні «Сәулем-ай», Нұрқамал Алишер, Алимтаев Нұрасыл «Туған жер» және Алимтаев Нұрасыл «Теріскей» әндерін орындады.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кітапханамызда кітапхана қызметкерлері арасында спорттық ойындардан жарыс өтті. Теннис ойынынан бірінші орынды Батай Сағдат иеленсе, ал екінші орынды Даржанова Гүлсая, үшінші орынды Тоянов Тастан алды. Сонымен қатар, дойбыдан  бірінші орынды Құсайынова Меруерт, екінші орынды Тоянов Тастан және үшінші орынды Бұланбаев Досжан иеленді. Жүлделі орын алушылыр дипломмен марапатталды.

Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын, ақ мол болсын, әр адамның арманы мен мақсаты орындалсын. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын,  ағайын!

Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.

 

 

Құсайынова М.Ж.,

                                         Өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері.

Коментарий

Поик в материалах