«Менің елім» байқауы

Post Title

«Менің елім» байқауы

Әдебиет пен өнердің қайнар бұлағы, ата салты мен баба дәстүрінің қаймағы бұзылмаған ордасы, еліміздің Жетісу өңірінде өмірге құштар, өнерлі, дарынды, мүмкіндігі шектеулі жандар көптеп кездеседі. Талантты жандардың талабын ұштап, шығармашылығын шыңдап, мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерін өрістетіп, көпшілікке насихаттап, қоғамға дәріптеп, шынайы жүректен еріксіз туған тың туындыларды жұртшылыққа паш етіп, әдебиет пен өнерді ұштастырып, дарынды жанға жанашырлық пен қамқорлық танытып, қолдау көрсету мақсатында «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» республикалық мемлекеттік мекемесі және «Көмектес» қайырымдылық қоры бірлесе отырып, Алматы қаласы мен Алматы облысының түрлі ұлт зағип азаматтарының  арасында қазақ әндерінің 5-ші «Менің елім» атты мерекелік гала-концертін Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізді.

Алматы қаласының бірқатар ұжымдары аталмыш шараға демеушілік көрсетті. Атап айтсақ, «Фармэкспресс» компаниясы гала-концерттің негізгі демеушісі болды. Сондай-ақ, «Евразия Центральной Азии» қоры, Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығы, «СТС Азия групп» компаниясы, Қазақ соқырлар қоғамының №2 оқу-өндірістік кәсіпорны, Алматы қаласының Бостандық ауданы мүгедектер қоғамы өз тараптарынан демеушілік жасады.

Жыл сайынғы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана ғимаратында өтетін «Менің елім» байқауының, биылғы 5-ші мерекелік гала-концерті Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Киелі шаңырақ - Қазақ өнеріне еңбегі сіңген талай майталмандардың еңбек еткен Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концерт залында өтті. Сонымен қатар, гала-концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж. Бекентуров дирижерлік ететін Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі мен ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Г.Орымбаева жетекшілік ететін «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі  өнер көрсетті,

Әділқазылар алқасын: ҚР Еңбек сіңірген әртісі А.Нұрмағамбетова; Халықаралық ән байқауларының дипломанты, ҚР Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері Ф. Ескенеев; «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ә.Е. Қосбармақов; Алматы қаласы әкімшілігінің тілдерді дамыту бөлімінің төрағасы, ақын Б. Қалымбетов, кітапхана ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мәдениет қайраткері, композитор М.А.Шәкіров мырзалар құрады.

Қазақ әндерінің 5-ші «Менің елім» атты мерекелік концертін зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры Е.Б. Әлімқұлов және «Көмектес» қайырымдылық қорының төрағасы А.Ф. Сапелкин қазақ әндерін айтып, бақ сынасуға келген түрлі ұлт зағип азаматтарына «өнерлерің өрге жүзсін, өнердің биік шыңына жетіңдер» - деп, сәттілік тілеп ашып берді.

Гала-концертте іріктеу кезеңінен өткен үміткерлер өнер көрсетті. Киелі сахнаның әсері ме, әлде Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің орындаған күйлері ме, үміткерлер ерекше бір тылсым күшке ие болғандай болды. Өнерпаздардың дауыстары ашылып, әндері барынша нақышына келтіріліп орындалды. Бәрі өнерімен өрге жүзген, сайдың тасындай шеттерінен дарынды.  «Дарынды тәңір тудырып, тағдыр қалыптастырады» - деген қазақта жақсы сөз бар. Үміткерлердің зор дайындықпен келгені көрермендердің қошеметінен де байқалып тұрды. Тағдырлары шектеулерге толы талантты зағип жандардың гала-концертте шырқалған әндері жоғары деңгейде орындалды деген бағалар берілді. Бірі-бірінен асып тұрған таланттар ішінен Гран-при иегерін анықтау әділқазылар алқасына оңай болмады. Ұзақ кеңескен әділқазылар, Гран-при иегерлері ретінде екі орындаушыны таңдады: оның бірі                      Е. Зейіпханұлының «Көк тудың желбірегені» әнін орындаған Н.Островский атындағы мектеп-интернатында баян класынан сабақ беретін ұстаз, ұйғыр жігіті А.Хапузов болса, екінші жеңімпаз А.Дуйсеновтың «Туған жер» әнін орындаған осы мектеп-интернаттың оқушысы А.Дашонова болды.

Марапаттау рәсімі кезінде жыл сайынғы «Менің елім» қазақ әндері байқауының тұрақты қазылар төрайымы ҚР еңбек сіңірген әртісі А.Нұрмағамбетова: «Жылдан жылға қазақ әндері байқауының көші реттелгенін байқаймын. Елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тілінде ән айтып, ұлттық өнерді құрметтеуі – ауызбіршіліктің, ынтымақтың нышаны. ҚР Тұңғыш Президенті және Тәуелсіздік күндері алдында өткен бұл байқаудың рухани және саяси маңызы зор!» – деді.

Гала-концертке Алмалы ауданы әкімшілігінің атсалысуымен осы ауданға қарасты барлық ғылыми-зерттеу институттарынан, емханалардан, жоғары-орта оқу орындарынан, жалпы мемлекеттік ұжымдардан көрермен ретінде қатысқан адамдар саны 280-нен асты.

Алматы қаласы мен Алматы облысының түрлі ұлт зағип азаматтарының  арасында қазақ әндерінің 5-ші «Менің елім» атты мерекелік концерті ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында түрлі  ұлт зағип азаматтары арасында қазақ әндерін насихаттау шеңберінде өткізілді.

Захра Маханова, кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімі қызметкері

Коментарий

Поик в материалах