«Музыка өнерінің жарық жұлдызы»

Post Title

«Музыка өнерінің жарық жұлдызы»

Ағымдағы жылдың желтоқсан айының 5-ші жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор – Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың туғанына 90 жылдығына арналған әуенді дәріс өтті.

Іс-шараның мақсаты: Оқырмандарды Ғазиза Жұбанованың  айқындылық, ауқымдылық, драматизм, философиялық тереңдік, әлемді поэтикалық тұрғыдан ұғыну, музыкалық бейнелердің молдығы – тыңдармандардың жүректерін баурап алатын оның құнды туындыларымен таныстыру.

Ғазиза Жұбанова 1927 жылы 2 -ші желтоқсанда Ақтөбе облысы, Жұрын ауданы, Жаңа тұрмыс ауылында дүниеге келген. Қазақтың қазіргі замандық музыкасының негізін қалаушы Ахмет Жұбановтың қызы. Гнесиндер атындығы Мәскеу музыкалық училищесін, П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын, профессор

Ю.А. Шапориннің композиция класын бітірген. Ғазиза Жұбанова – өзін ұлағатты ұстаз ретінде танытқан тұлға. Оның шәкірттері – Е.Серкебаев, С. Кабирова, Т. Мұхамеджанов және тағы басқа. Консерватория ректоры ретінде ол ұлттық кадрлар – музыкант-орындаушылар мен музыкатанушылардың қалыптасуына ықпал етті. Олардың бірнешеуі әлемдік атаққа ие болды. Мысалы, А. Мұсаходжаева, Г. Мырзабекова, Г. Қадырбекова,

Ж. Әубәкірова, Т. Әбдірашев және тағы басқалар. Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың ықпалымен музыкалық мектептер құруы, фольклор және композиторлық шығармашылық мәселелері бойынша диссертациялар қорғала бастады. Жұбанова - өзінің талантын барлық жанрда танытқан шығармашылық диапазоны кең композитор. Оның музыкасы республикадан тыс жерлерде жаксы танымал. Ол – үнемі ізденіс үстіндегі суреткер болды. Ғазиза Жұбанованың музыкасы арқылы қазақ музыка мәдениеті басқа халықтарға белгілі болды. Ол – «Батырлық поэмасы» симфониялық поэмасын, «Жігер» симфониясын, «Еңлік-Кебек», «Жиырма сегіз» операсын, «Ақ құс туралы аңыз» балетін, кантаталар, романстар, эстрадалық музыка, театр мен киноға арналған музыкалар жазды. Олардың барлығын музыкалық ойлау жүйесінің біртұтастығы, нақтылықтан жалпыға біртіндеп көшу, вокалды орындаудан аспапты орындауға ауысу, сезімнің көрнектілігі, тақырыптық материалдың ашықтығы, ұлттық бояу, ауқымдылық, эпикалық кеңдік және музыкалық образдардың қарама-қайшылықты мінездері біріктіреді. 

Мәскеу музыкалық училищесін (1949), Мәскеу консерваториясын (1954), оның аспирантурасын (1957) бітірген. 1958 жылдан Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ұстаздық етті; 1975 – 1987 жылдары осы консерваторияның ректоры, 1962 – 1968 жылдары Қазақстан Композиторлар  одағы басқармасының төрағасы және КСРО Композиторлар одағы басқармасының хатшысы болды.

Ғазиза Ахметқызының шығармашылығы біздің барлығымыз үшін сирек құнды дүние болып табылады. Қазақстанда көп дарынды композиторлар бар, алайда Ғазиза Жұбанованың керемет музыкасы ерекше жан тебірентеді. Жұбанованың шығармашылығына әкесі Ахмет Жұбанов ықпал етті. Әкесінің аяқталмай қалған «Құрманғазы» радиооперасын қызы аяқтаған. Жұбанованың өзі – «Еңлік – Кебек» (1975), «Жиырма сегіз» (1981), операларының, «Аққұс туралы аңыз» (1966; Қазақстан Мемлекет сыйлығы, 1970), «Хиросима» (1966), «Қарагөз» (1990) балеттерінің, «Жігер», «Ақсақ құлан» симфония поэмаларының, «Даладағы таң нұры» (1960), «Мұхтар Әуезов туралы аңыз» (1965), «Батырлық поэмасы» (1972) сынды ораториялық шығармалардың, «Адам, адамды аяла», «Әйелдер аралы», «Арал шындығы», «Татьянаның хаты» атты вокалдық-симфониялық шығармалардың, скрипка мен фортепианоға жазылған «Элегия», «Вариациялар», «Поэма» прелюдияларының, «Жалғыз емен», «Боран» атты хорлардың, инструменталдық пьеса, камералық шығармалар, поэмалар мен квартеттер, фантазия, тағы басқа көптеген музыкалық шығармалардың авторы. Сондай-ақ ол Қазақ драма театрының репертуарынан берік орын алған «Жалғыз ағаш орман емес» (Ә. Тәжібаев, 1958), «Бөлтірік бөрік астында» (Қ. Мұхамеджанов, 1959 ), «Замана осылай басталады» (З.Шашкин, 1960), «Құдағи келіпті» (Қ. Мұхамеджанов, 1961), «Абай» (М. Әуезов, 1962), «Ана – Жер-ана» (Ш.Айматов, 1964), «Қарақыпшақ Қобыланды» (Мұхтар Әуезов, 1967) қойылымдарына музыка жазған. «Қорқытпа мені дауылдан» романсы, «Ақ сәуле», «Толқын жел», «Сенімді дос – ол да бақыт», «Көктем вальсі», «Жыр жазамын жүрегімнен» әндері кең танымал болған. Қазақстан мемлекет сыйлығы (1970), Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының (1964) лауреаты. Халықтар достығы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Алматы көшелерінің біріне Ғазиза Жұбанованың есімі беріліп, тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған.

Іс-шара барысында оқырмандар «Еңлік–Кебек» операсын тыңдап, кітап қорындағы Ғазиза Жұбановаға арналған әдебиеттермен танысты.

Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған   қазіргі  заманғы  мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған  100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.

Шараға 16 оқырман қатысты.

        Меруерт Құсайынова,  Өнер және спорт әдебиеттері  бөлімінің қызметкері

Коментарий

Поик в материалах