«Берекелі дастархан»

Post Title

«Берекелі дастархан»

 

Жыл бойы асыға күткен қасиетті Рамазан айын да шығарып салдық. Жиырма тоғыз күнге созылған мұсылмандық парызын өтеп, күндерін тіршілікпен, түндерін құлшылықпен өткізген жамағатымыз, Ораза айт күндерін қуанышпен қарсы алды. Айлардың төресі, барша мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айы қайырымдылық, құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік айы болса, ораза айт осы айдың шүкіршілігі ретінде өткізілетін, екі ұлық мерекенің бірі.

Айттың мән-мағынасын айтатын болсақ, Айт – арапшадан аударғанда «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Демек ол қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаға келеді. Ардақты Пайғамбарымыз: «Расында Алла Тағала сендер үшін қайырлы болған екі мейрамды тарту етті, олар – Ораза айты және Құрбан айты», - деген еді. Сол заманнан бері Ислам дінін өмірінің ажырамас бөлігі еткен атам қазақ осы екі мерекені ерекше атап өтіп келеді. Кеңестік дәуірде маңыздылығы мен құндылығы ұмыт бола бастаған осы мерекелер халқымыздың шаңырағы көкке көтеріліп, егеменді ел болғалы бері қайта жаңғыртылуда. Кейінгі жылдары айт мерекесі ерекше болуы талап етіліп, мешіт ауласында ғана емес, жалпы халыққа сезіліп, тойланып келеді. Бүгінде Қазақ елі өзге мұсылмандар секілді айт мейрамына арнап дастарқан жаяды. Ата-бабамыз айттап келушi қонақтарға құрмет көрсетуді мұсылмандық іс деп біледі. Қонақжайлылық – халқымыздың әдет-ғұрпы тұрғысынан да, шариғат тұрғысынан да ең маңызды қасиет. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға және қиямет күнiне сенетiн кiсi қонағын жақсылап күтсiн», – дейді.

Осындай үлкен миссияны алға қойған Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасы ағымдағы жылы маусым айының 26-сы күні айт мерекесін ұжым болып атап өтті. Айт күндері ұжымның әр бөлімінде дастарқан жайылып, бөлім қызметкерлері бір-біріне қонаққа барып, қонақжайлылықтарын танытты. Расында, жылда мешіт ауласынан шықпайтын айт мерекесі, қазір, бұқаралық деңгейде өткізіліп жатыр. Ал Рамазан айт мерекесі әр мұсылман, әр қазақ тойлайтын мереке болуы тиіс.

Кітапханада айт мерекесі дастарқанында ақ сақалды абыздарға сөз берілді. Кітапхана ардагері, бүгінгі күнде зейнеткерлікте отырған Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін қазақ тіліне аударумен шұғылданып жатқан М.А. Шәкіров қажы қызметкерлерді айт мерекесімен құттықтап, бата берді. Сондай-ақ, қызметкерлерге арнап жазған бірнеше әуенін фортепианода орындап мерекелік сезімді ұлғайтса, кітапхана оқырманы, ақсақал-ақын Әбетхан Тоқтаған Т.Айбергеновтің «Бір тойым бар» өлеңін оқып, көпшілік көңілін көтеріп, еңсесін марқайтты.

Ораза айт мейрамының қадір қасиеті ерекше. Осы ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтуде. Айт мерекесі соңында бөлім қызметкерлерінің дастарқандары бағаланып, ата-бабамыздан, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрі және имандылық пен мұсылмангершіліктің нышаны ретінде «Ораза айт» күніінде елбасымыздың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласындағы қазақ халқына тән ұлттық кодты сақтау және оны насихаттау барысында «Берекелі дастархан» атты номинация бойынша әр-түрлі дәрежеде  алғыс хаттар берілді. Бірінші дәрежелі дипломды Өнер және спорт әдебиеттері бөлімі қызметкерлері еншілесе, екінші дәрежелі диплом «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімі, үшінші дәрежелі дипломды Кітап қорын толықтыру, өңдеу және қаталогтарды ұйымдастыру бөлімі иеленді. Бұл күндері мейірім-шапағат, рақымшылық, достық сезімдерін тудыратын уақыт, сондай-ақ, адамдардың рухы шаттанып, күнделікті күйбең тіршіліктен жабырқау тартқан көңілдері жадырап, бір сергіп қалады.

Жалпы, қандай жақсылық жасасақ та, ол сауапсыз қалмайды. Олай болса, айт мерекелерінде сауапты амалдарды арттырсақ, нұр үстіне нұр болмақ.

 

Маханова З.А.,

Өнер және спорт әдебиеттері

бөлімінің қызметкері.

    

Коментарий

Поик в материалах