Дара тұлға

Post Title

Дара тұлға

 

Ағымдағы жылдың маусым айының 8-ші жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың Өнер және спорт әдебиеттері бөлімі қызметкерлері оқырмандар мен кітапхана қызметкерлеріне Зейнолла Қабдоловтың туғанына 90 жыл толуына орай «Дара тұлға» атты дауыстап оқу сағатын өткізді.

Дауыстап оқу сағатының мақсаты: жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зейнолла Қабдоловтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау.

Оқырмандар мен қызметкерлерге жазушының «Ұшқын» романы мен екі томдық Таңдамалы шығармалары ұсынылды.

            Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде дүниеге келген З.Қабдолов 1945 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітірген. Осы білім ордасында елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жұмыстарын қатар жүргізген. Сонымен қатар, ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарды - деп тыңдармандарға Өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері Құсайынова Меруерт ақпарат берді.

Қабдоловтың тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны», кейінгі «Искра жизни» повесі орыс тілінде, сондай-ақ, «Адам» атты әңгімелер мен очерктер жинағы шыққан. Республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алып, «Мұхтар аға» документалды кинофильмінің сценарийі жазушы қаламынан шықты. Мұнайшылар өмірі жайында жазылған  «Жалын» романы  ең үздік туынды ретінде бағаланып, КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлыққа ие болды.

          Оның жазған «Менің Әуезовым» романы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы марапатына лайық деп табылды. Ол өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдары докторы дәрежесін тағайындау жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарған.

1964-2002 жылдары аралығында әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды.

            ЮНЕСКО көлемінде әлемдік деңгейде аталып өткен М. Әуезовтың 100-жылдық мерейтойына арнайы жазылған «Менің Әуезовым» атты роман-эсессінде ұлы қаламгердің ұстаздық феноменін таныту арқылы оның әдеби бейнесін жасау тәжирбиесін жаңа сапаға көтерген. Эссе әдебиетіміздің алтын қорына құнды қазына болып құйылады.

            «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған.

             Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі 132 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілген.

Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.

 

                                                                                                                          Құсайынова М.Ж.

                                                                                                                      Өнер және спорт әдебиеттері

                                                                                                                       бөлімінің қызметкері

  

                               

 

 

Коментарий

Поик в материалах