Анализ коррупционных рисков

Сыбайлас жемқорлық па, әлде коррупция ма?

Қазіргі кездегідей Халықты әбден ығыр қылған жаппай жұмыссыздық, экономикалық дағдарыс заманына қосылып Парламент қабылдаған, Президент қол қойған заңды аяққа басушылық пен сыбайлас жемқорлық елімізді жегі құрттай жеп бара жатыр.

         Әрине, елді бүгінгідей ауыр жағдайға алып келген қандай да болмасын келеңсіз жайттар заң бұзушылық пен заңды сыйламаушылықтың және заң талаптарын мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау саласындағылардың орындамауының арқасында болып жатқаны сөзсіз десек те, бес саусақтың бірдей емес екендігі секілді, жан-жағынан қаумалаған сыбайлас жемқорлар мен «ештеңенің де исі мұрнына бармай» өзінен әлдеқайда қабілеттілердің орнын иемденіп жүргендердің арасында өз қызметін адал да кәсіби атқарып жүргендер қандай мадақтауға да болса тұрарлық.

Заңдары орындалмайтын, орындалса да заң нормалары әділетсіз қолданылып біреулерді басып жаншып, ал қолдаушысы барлардың небір жасаған заң бұзушылықтарына көз жұмып қарап отырған жағдайда, бір әділетсіздік пен заңсыздық онан кейін тағы да заңсыздықтарды туғызып,  сыбайлас жемқорлық жайлаған мемлекеттің болашағы бұлыңғыр екенін қазір халық түсініп отыр. Бұл дегеніңіз мемлекетке төніп отырған қауіп.

Сондықтан да қалданыстағы заңдарымыздың мерейі үстем болып, мемлекетімізге төніп отырған қауіпті сейілтіп, сыбайлас жемқорлықты жеңу үшін Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары жаңа заң жобасын жасап, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне лауазымды адамдар, шенеуніктер, сот,прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарының нормаларынан әдейі ауытқуы, ескермеуі, аяқасты еткендері үшін жауапқа тартатын баптарды енгізу керек деп ойлаймын.

Бұндай баптар қабылданбайынша, заң нормаларын орындайтын механизм болудың орнына бұлар заңды өз ыңғайларына пайдаланатын кезде пайдаланып, пайдаланбайтын кезде мазаққа айналдырып сыбайлас жемқорлықты мұнан әрі өршіте береді.

Осы орайда, сыбайлас жемқорлық деген сөздің мағынасын анықтап алған артық болмас деп те ойлаймын. Жұрттың көбісі сыбайлас жемқорлықты тек қана пара беріп, пара алу деп қана түсінеді. Және де күнделікті ақпарат құралдарынан әлдебір әкімнің, немесе полиция бастығының, немесе прокуратура қызметкерінің белгілі бір сома көлемінде пара алып құрықталып жатқанын естіп біліп жатамыз. Бұл мұзтаудың(айсберг) көрінетін жағы ғана. Көрінбейтін жағы латентті(жасырын) болып қала береді. Екінші жағынан алғанда, пара алмай- ақ қазіргі қолданыстағы да заң тілімен айтқанда, сыбайлас жемқорлық  құқық бұзушылығын(қылмысын) жасауға болады. Қазақстан Рспубликасы қылмыстық кодексінің 361-371 баптарында көрсетілген қылмыстардың бәрі де пара алғандығы үшін, яғни «жем» жегендігі үшін жауапқа тартатын баптар емес қой. Мұның үстіне, осы тектес заң бұзушылықтарға қарсы Әкімшілік құқық бұзу кодексінде де біраз жайттар көрсетілген. Сыбайлас болмай ақ, жемқор болмай ақ осы баптарда көрсетілген заң тәртібін бұзушылық немесе қылмыс жасау әбден мүмкін.

Мәселен, қарамағында қызмет ететін судьяға тікелей бастығы — сот төрағасы азаматтық іс бойынша заңсыз болса да пара беріп отырған адамның, немесе бір жақын туысының(танысының) пайдасына шешім шығаруды тапсырады. Ол берген пара, немесе төрағамен туыстығы,таныстығы жайлы судья білмеуі мүмкін. Бірақ бастығының тапсырмасын орындамаса болмайды, әйтпесе қудалауға ілігіп ақыр аяғы қызметінен кетуге мәжбүр болады. Бұны орындаған жағдайда азаматтық іс жүргізудің қағидаларымен(принциптерімен) қатар,процессуальдық және материальдық заң нормаларын бұза отырып шешім шығарады. Бұл заңдардың бәріне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойып бекітіп отыр. Ал, судья біткеннің бәрі біздің мемлекетімізде Президенттің жарлығымен тағайындалады. Сонда қалай, судья өзін тағайындаған Елбасы қол қойған заңға қарсы шығып аяқасты еткені ме? Міне мәселе қайда жатыр.

Мұның үстіне, бұндай жағдайда судья Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 418-бабында(Көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығару) көрсетілген қылмысты жасап отыр. Бұл жасалған заң бұзушылық пен қылмыстық іс әрекеттерді қазақ тіліндегі сыбайлас жемқорлық термині ашып, айқындап тұрған жоқ. Өйткені көпшіліктің ұғымында: ішкен жоқ, жеген жоқ, пара алған жоқ, ол қайдағы сыбайлас жемқорлық.

Ал енді, негізі латын тілі(corrumpere) мағынасы «параға сатып алу,сатылу  бүліну, бұзылу» болатын халықаралық Корру́пция терминін алайық. Бұл дегеніңіз, лауазымды адамның өзінің билік өкілеттігін және оған сеніп тапсырылған құқықтарын, сондай-ақ осыған байланысты ресми мәртебесі бар беделін, мүмкіндіктерін, байланыстарын жеке басының пайдасы мақсатында, мемлекеттік заңнамаларына қайшы мемлекетке зиян келтіріп, оның бұзылып бүлінуіне алып келеді деген ұғымды білдіреді.

Сонымен, сыбайлас жемқорлық па, әлде коррупция ма?

Сақтап Майдан.

Мекеме заңгері.

 05.06.2018 ж.